Сенат басшысы ұлттық саясаттағы бұрынғы қателіктерді ашық айтты

Фото: gov.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Túrkıstan.kz халықаралық газетінде жарияланған «Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы» атты мақаласында Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық бірегейлік саясатына кең шолу жасап, қазіргі реформалар мен өткен кезеңнің айырмашылығына тоқталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әшімбаевтың пайымынша, ұлттық бірлік пен ортақ бірегейлік мәселесі тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап күн тәртібінде тұр. Алайда ол бұл бағыттағы бұрынғы қадамдардың көпшілігі уақыт өте декларативті сипат алып, шынайы нәтижеге жеткізбегенін атап өтті. Тіпті 2015 жылы қабылданған Қазақстанның бірегейлігі мен бірлігін нығайту тұжырымдамасы да көптің есінен шығып қалғаны шындық.

Сенат төрағасы қазіргі кезеңді «жаңа сапалы саты» деп бағалап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары бұл мәселені енді кейінге шегермей, нақты реформалармен бекітуге бағытталғанын айтты.

«Бұрын азаматтық және этностық бірегейлік қатар дамитын қос жол ретінде қарастырылса, бүгінде олардың ұйытқысы болар ортақ құндылықтар негізіндегі тұтас бірегейлік қалыптастыру күн тәртібіне шықты», – дейді Әшімбаев.

Ол ұлт қалыптастыру үдерісін 1991 жылдан бастау жеткіліксіз екенін, бұл тамыры терең сақ, ғұн, түркі өркениеттерінен бастау алатын тарихи жалғастықтың нәтижесі екенін еске салды. Сонымен қатар қазақ этносы мен көпэтносты азаматтық қоғамның синтезінен туған бірегейлік енді жасанды емес, шынайы әрі өміршең болуы тиіс екенін айтты.

Мақалада «Жаңа Қазақстан» реформалары бұрынғы ұлт құру моделінен мазмұн мен тәсіл жағынан түбегейлі өзгеше екені нақты көрсетілді.