Семейде мұғалімнің оқушыларға қол жүгірткен видеосы тарады

Әлеуметтік желіде мектептердің бірінде мұғалімнің оқушыларға қол жүгірткені көрсетілген видео тарады. «НеМолчи.kz» қорының басшысы Дина Таңсәрі желідегі парақшасында осы жағдай туралы жазды.

Мұғалім оқушыларды түртіп, бетінен, құлағынан, мойнынан ұстап жүр. Видеодағы қыз ыңғайсыз жағдайға тап болып, қалай әрекет ету керегін түсінбей қалады. Ол өзін қорғай алмайды. Басқа балалар да бұл жағдай өздерінің де басынан өтетінін біліп, сырттай қорқып бақылап тұр. Қыздар қатты ұялады, олар өз шекарасын қалай қорғау керегін білмеді. Бірде оның қыздарға қол жүгірткен әрекеті камераға түсіп қалып, бұл видео мектептің чатында жарияланып, үлкен дау туған. Белгілі болғандай, мектеп директоры оған құжаттарын алып кетуін бұйырған, содан кейін ол мектептен кеткен,– деп жазды Дина Таңсәрі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, видео 2023 жылы түсірілген. Қазіргі уақытта оқушы 9-сыныпта оқуын жалғастырып жатыр.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті шұғыл түрде тексеру жүргізді. Балаға қатысты орынсыз әрекетке жол берген педагог қазіргі уақытта білім беру саласында жұмыс істемейді. Сондай-ақ, комитет педагогтің іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жүгінді, — делінген ақпаратта.