Семейде өртеніп кеткен «Ақшын» сауда үйінің шатыр құрылымы опырылып түсті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Келеңсіз оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрларда «Ақшын» сауда үйінің шатырындағы темір конструкция автобекет жағында құлағаны айтылған. Зардап шеккендер жоқ, алайда бірнеше рейстік автобустар зақымдалған. Полиция семейліктерге абай болуды сұрайды.
Абай облысының полиция департаменті өртенген ғимараттағы құрылымның құлағаны туралы растады.
«Бүгін сағат 12:15-те «102» арнасына орталық автовокзал аумағында болған оқиға туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат бойынша автобустарға «Ақшын» сауда үйінің металл конструкциясы құлап, нәтижесінде екі көлік зақымданды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел келді. Алдын ала мәліметтер бойынша, азаматтар арасында зардап шеккендер жоқ, алайда автопаркке материалдық залал келген», — деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.