Семейде бір топ жасөспірім аяусыз соққыға жыққан оқушыға қазақстандықтар 32 миллион теңге жинап, пәтерлі болуына көмектесті. Балаға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ерікті Динара Садырбаева Almaty.Official сайтына берген ақпаратында қазақстандықтардың Әлинұрға көмектесу үшін рекордтық деңгейде қаржы жинағанын жеткізген. Оның айтуынша, халықтың аударған 35 миллион теңгесіне жаңа пәтер сатып алынған.
Осылайша, Семейде жасөспірімдердің шабуылына ұшырап, соққыға жығылған 11 жастағы балаға қазақстандықтардың атынан жаңа 4 бөлмелі пәтер берілді.
Қазіргі уақытта бала толық медициналық тексерістен өткен, психологиялық қолдаудан да кенде емес. Бұл туралы облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова мәлімдеп отыр.
– Баланың отбасына көмектесу туралы сан түрлі сұрақ түсіп жатыр. Отбасы қазақстандықтарға көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғыс білдіреді, – деп жазды ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл үй таңдау және сатып алу процестерінің ашықтығы үшін өңірлік, қалалық мәслихаттар депутаттарынан, адвокаттар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.