Фото: Sputnik.kz
Семейде шырша безендіру кезінде мұғалімнің жарақат алуына байланысты қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжолов айтып берді.
— Жаңа шырша сатып алуға 25 млн теңге бөлінген. Бұл сомада шыршаны орнату шығындары қарастырылмаған. Сондықтан ТҮКШ бөлімі көмек ретінде еріктілерді тартқан. Алайда олардың биіктікте жұмыс істеуіне жол берілмеу керек еді, — деді ол.
Нұржан Есенжоловтың айтуынша, құзырлы органдар жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр. Бұндай жағдайға қалай жол берілгені соның қорытындысы бойынша белгілі болмақ.
— Білім бөлімі бізге емес, облыстық білім басқармасының қарамағында. Бүгін сол білім бөлімінің басшысы жұмыстан шығарылыпты. Біз де шара қабылдадық. Атап айтқанда, білім саласына жауапты қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа сөгіс жарияланды. Ауруханада жатқан мұғалім толық емделіп кеткенше бақылауымызда болады. Қазір ол палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақты, — деді қала әкімі аппаратының басшысы.