Сауд Арабиясы 2026 жылдан бастап жеңіл алкоголь өнімдеріне ішінара рұқсат беретінін мәлімдеді. Бұл шешім EXPO-2030 және 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындық аясында қолға алынған. Ел билігі туристік саланы дамыту мақсатында 70 жылдан астам уақыттан бері сақталып келген қатаң тыйымды жұмсартуға кірісті, деп хабарлайды Qazaqtoday The Economic Times-қа сілтеме жасап.
Алкогольге қатысты шектеулер қалай өзгереді?
Сауд Арабиясында енді тек арнайы лицензиясы бар орындарда сыра, шарап және сидр секілді жеңіл алкогольдік сусындарды сатуға рұқсат беріледі. Бұл орындар қатарына:
• халықаралық қонақ үйлер,
• курорттық аймақтар,
• туристерге арналған арнайы кешендер кіреді.
Ел аумағында шамамен 600-ге жуық осындай нысан ашу жоспарланған. Күшті алкоголь түрлері мен үй жағдайында өндірілген ішімдікке тыйым әлі де өз күшінде қалады.
Ішімдік қалай сатылады?
Сатылым тек лицензия арқылы жүргізіледі, ал бұл мекемелерде жұмыс істейтін персонал арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Үкімет бұл арқылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, алкоголь тұтыну мәдениетін қадағалауды көздеп отыр.
Экономикалық реформа: «Vision 2030» стратегиясы аясында
Шектеулердің жеңілдетілуі – Сауд Арабиясының «Vision 2030» атты ауқымды реформалар бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бағдарлама мынадай мақсаттарды көздейді:
• ел экономикасын әртараптандыру,
• шетелдік туристерді тарту,
• жаңа жұмыс орындарын ашу,
• шетелдік инвестиция ағынын арттыру.
Билік алкогольге рұқсат беру арқылы елге келетін туристер санын едәуір арттырамыз деп сенеді.
74 жылдан кейінгі алғашқы ірі өзгеріс
Сауд Арабиясында алкогольге толық тыйым 1952 жылы енгізілген. Содан бері бұл ереже қатаң түрде сақталып келген. 2026 жылы күшіне енетін жаңа тәртіп – осы 74 жыл ішіндегі алғашқы ауқымды өзгеріс.