Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қақ айырылуы мүмкін. Қолданысқа берілгеніне бір жыл ғана болған білім ошағының қабырғалары қақырап, іргетасы шөге бастаған, деп хабарлайды Қазақстан ұлттық телеарнасына сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Білім ошағындағы кемшіліктерді қоғамдық бірлестік өкілдері де анықтаған. Алаңдаулы ата-аналар балаларын сабаққа жібермейміз деп отыр. 2021 жылы ғана қолданысқа берілген мектеп ғимаратының қазіргі жай-күйі аянышты. Нысанның қақ ортасында жарық пайда болған. Оқу орнының директоры тиісті органдарға шағымданып, ешқандай жауап ала алмаған соң, қоғамдық бірлестіктерге жүгінген. Тәуелсіз ұйымдар тексеріс жүргізіп, біршама олқылықты анықтаған.
«Мен талайды көрдім бірақ, мынадай құрылыс нормаларында осындай екіге бөліп, былай қаңылтырмен жауып қойды дегенді бірінші рет көрдім. Құрылысшылардан сұрасақ, мүмкін емес деп таң қалады. Қалай толық бетоннан құйылған ғимарат осылай екіге бөлініп тұрады?!», — дейді қоғамдық бірлестік өкілі Болат Әбілжанов.
Салдарынан ғимараттың алдыңғы бөлігінің іргетасы шөге бастаған. Оны мына жарықтардан анық аңғаруға болады. Шетелде іссапарда жүрмін деген мектеп директоры проблемаларды телефонмен жеткізді.
«Құрылыс сапасыз жүргізілгендіктен жаңбыр жауған кезде төбесінен су ағады. Қабырғалары жарыла бастаған, дәліздегі кафельдері көтеріліп жатыр. Жоба бойынша ең қымбат есіктер салынуы керек болса, 12 мыңдық қағаз есіктер салынған», — дейді №202 мектеп-гимназиясының директоры Болат Жанайхан.
Сыныптардағы еден де ойылып, ішіне түсіп жатыр. Нысан құрылысына тапсырыс берген және оны қабылдаған Алматы қалалық Құрылыс басқармасына хабарластық. Олар тексеріс жүргізуге уәде етті.
«202 мектебіміз 10 бөлек блок деп аталады. Сол блоктардың құралған жері антисейсмикалық тігіс бар. Ол блоктарды өзара қосады. Сейсмикалық жағдайда мектеп қабырғаларының толқуын дұрыстау үшін берілген. Мердігер мекеме, техникалық бағдарлау мамандары бар. Тағы да жұмыстар жүргізіледі. Шикіліктер болса, жөндеу жұмыстарын жасап береміз», — деді қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тәжібаев.
Басқарма басшылығы ғимараттың апатты жағдайда еместігін алға тартып, кем-кетігі жыл соңына дейін түзетіледі деп сендірді. 1200 балаға шақталған білім ошағында қазір 2000-нан астам оқушы оқып жатыр.