Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты – депутат

[ad_1]

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты.

Бұл туралы депутат Ермұрат Бәпи Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Депутаттың айтуынша, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

«26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды», – делінген жазбада.

Еске сала кетейік, Самат Әбіш ұсталған ҰҚК экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер болды. Өткен жылғы шілдеде ҰҚК одан куәгер ретінде жауап алынғанын хабарлады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік органдары Әбішке қатысты қылмыстық іс тіркеген жоқ, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмады.

Осы жылдың қаңтар айында Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты іс сотқа берілгенін хабарлады. Онда мемлекеттік құпиялар бар, сондықтан тергеу деректері жария етілмейді.