«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету тетіктерін жүйелі түрде арттырып келеді. Қордың басқарушы директоры Николай Казутиннің айтуынша, соңғы екі–үш жылда сатып алу көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
2024 жыл – рекордтар жылы
- Жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеден асатын келісімшарттар бекітілді;
- Оның 494 млрд теңгесі – ұзақмерзімді оффтейк-келісімдер;
- Портфельдік компаниялардың жергілікті сатып алуы бір жыл ішінде 76 %-ға өсті;
- 2022 жылмен салыстырғанда сатып алу көлемі шамамен 7 есеге артты.
«Отандық өндірушілермен жұмыстар мен қызметтер аясында қолданылатын тауарларды қоса алғанда, 1,1 трлн теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасалды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ға артық. Ал 2022 жылмен салыстырсақ, өсім жеті есені құрады», – деді Николай Казутин.
2025 жылдың алғашқы бес айы
2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында отандық кәсіпорындармен 433,3 млрд теңгеге келісімдер жасалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің шамамен 25 %-ға өсуі күтіледі.
Қолдаудың 16 нақты тетігі
Қордың сатып алу ережелерінде отандық өндірушілерге басымдық беретін 16 қолдау тетігі қарастырылған. Соның ішіндегі маңыздылары:
- Сөзсіз басымдық – тең жағдайда жергілікті жеткізуші автоматты түрде таңдалады;
- Ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар – тұрақты тапсырыс пен қаржылық болжамдылықты қамтамасыз етеді;
- Жедел және алдын ала төлем – айналым қаражатын жеңілдетеді;
4.Отандық үлесті арттыру – жұмыстар мен қызметтер құрамында қазақстандық компонентті міндетті түрде пайдалану.
Қол жеткізілген нәтижелер:
500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады;
150 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады;
Импортқа тәуелді стратегиялық өнімдердің өндірісі ел ішінде жолға қойылады.
Қазіргі таңда 24 жоба іске қосылуға дайын
Экономистердің пікірінше, оффтейк-келісімдер инвестициялық тәуекелдерді азайтып, жаңа технологияларды енгізуді жеделдетеді. Ал алдын ала төлем тетігі шағын және орта бизнеске дем беріп, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Біз жергілікті өндірушілерге тұрақты сұраныс қалыптастырып, сенімді серіктестік орнатуды басты мақсат етіп отырмыз», – деді Қордың басқарушы директоры Николай Казутин.
«Самұрық-Қазына» Қоры жүзеге асырып отырған кешенді саясат отандық өндірісті дамытуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Қор алдағы уақытта да сатып алу жүйесін бизнес үшін ашық әрі болжамды етуді көздеп отыр.