Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі бизнес-қауымдастықтармен үкіметтің бастамаларын талқылайтын алты жұмыс тобы іске кірісті. Олар бүгінде облыстарды аралап, кәсіпкерлердің пікірін тыңдап жүр. Солардың бірін басқарған ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ақмола облысына барды. Салықтық реформадағы өзгерістерге қатысты кәсіпкерлердің пікірін Qazaq.today тілшісі де тыңдап көрді.
Үкімет өкілдері елдің салық заңнамасына енгізілуі мүмкін түзетулерді таныстырды. Ақмола облысының кәсіпкерлері салық реформасы туралы өз көзқарастарын ұсынып, бизнес-бастамаларын табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзгерістерге қатысты пікірлерін білдірді. Дәурен Темірбеков Үкіметтің ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
«ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылады, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарлануда. Бірқатар салалар үшін аралық мөлшерлемені 10% енгізу қарастырылуда. Осылайша, үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемелерінің саралануы: 16%, 10%, 0% — салықтан босату», – деді вице-министр.
Сондай-ақ кездесуде ҚҚС бойынша есепке қоюдың қолданыстағы шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Салалық қауымдастықтардың өкілдері салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Ұсыныстардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына, білім беру және бөлшек сауда секторларына қатысты болды.
«KazBeef Processing» ЖШС директоры Азамат Орынбаев жұмыс тобына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге салық салудың өз нұсқаларын ұсынды.
«Бірінші нұсқа: бағдарламаны арнайы шот арқылы жаңғырту, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операциялық қызметке және инфрақұрылымға есептелген ҚҚС-ты пайдалана алады, сондай-ақ ет комбинаттары ҚҚС-тың 100% және КТС-тың 70% жеңілдігін пайдалана алады. Екінші нұсқа: ҚҚС бойынша жеңілдікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына емес, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолдану. Осылайша, ҚҚС төлеу бойынша жауапкершілік түпкілікті сатып алушыға жүктелмейді», – деп атап өтті кәсіпкер.
Сонымен қатар, кәсіпкер ұсынылған реформаның күшті және әлсіз жақтарын көрсететін SWOT-талдау жасады. Ақмола кәсіпкерлері Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін қайта қарауды сұрады. Олардың пікірінше, бұл тізімге мектепке дейінгі және қосымша білім беру мекемелері де енгізілуі тиіс. Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық туризм және экология комитетінің төрағасы Қайрат Сұлтанов салықтық жеңілдіктер барлық әлеуметтік салаларды қамтуы қажет екенін атап өтті.
«Балалар лагерлері жылына небәрі 2,5 ай ғана жұмыс істейді. Президент туристік саланы, оның ішінде балалар туризмін дамыту қажеттілігі туралы бірнеше рет айтты. Үкімет денсаулық сақтаудан бөлек, әлеуметтік салаларды қолдау мүмкіндігін қарастыруы тиіс деп санаймын», – деді Қайрат Сұлтанов.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық қатысушылар бір пікірге келді. Олардың басым көпшілігі салық мөлшерлемесінің кез келген өзгерісі негізді болуы керек, ал халыққа оның неліктен таңдалғанын түсіндіретін нақты есептеулер ұсынылуы тиіс екенін айтуда. Бұл ұстанымды орталық ведомстводан келген өкілдер де қолдады.
«Сіздердің ұсыныстарыңызды назарға аламыз. Бұл мәселе Мәжілісте қаралып, сессия соңына дейін талқыланады», – деп мәлімдеді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Еран Сағнаев.
Айта кетейік, кәсіпкерлердің барлық ұсыныстары Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының орталық аппараты арқылы Қаржы министрлігіне жазбаша түрде жолданды.
«Қосылған құн салығының мөлшерлемесі мен ҚҚС бойынша есепке қою шегі білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің, бизнес-талдаушылардың және депутаттардың пікірлерін ескере отырып, жан-жақты сараланып қабылдануы тиіс», – деп қорытындылады ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.