Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жол апатына байланысты жазаланды

Сәтбаев қаласында жаяу жүргіншілер жолында 13 жасар қызды көлік қағып кетті. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдай үшін қала әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға 16 маусымда болған. Желіде апаттың видеосы тарады. Кадрлардан қызды бір көліктің қатты жылдамдықпен келіп қағып, қарсы жолаққа ұшырып жібергенін көруге болады. Сол сәтте жасөспірімді тағы бір көлік келіп басып өткен. Қыз алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Ұлытау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Алайда жолда арнайы жолақтар болмаған. Осыған қатысты Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылды.

«Жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру талаптарының орындалмауына, тиісті жол белгілері мен таңбалардың қойылмауына байланысты Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.

Аталған іс Ұлытау облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

«Оқиғаның мән-жайын анықтау және кінәлілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады», – делінген хабарламада.