Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Ақсу қаласының Айнакөл ауылының тұрғыны өзінмен сәлемдеспеген ер адамды өлтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaq.today соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни «құқыққа қайшы қасақана адам өлтіру» айыбы тағылды.
Сот осы жылдың сәуір айында таныс ер адамдар тобы үйдің ауласында спирттік ішімдіктер ішкенін анықтады. Олардың арасында жанжал туындап, біреуі ағасына телефон шалып, оны ренжіткен адаммен есеп айырысуды сұраған.
«Көрсетілген мекенжайға келген Е. болмашы сылтауды пайдаланып, яғни жиенінің ренжіткен адамы онымен сәлемдеспегені үшін, кенеттен ашу-ыза мен жеке өшпенділік сезімінен соңғысын өлтіруді шешкен. Қылмыстық ниетін жүзеге асырып, ол жәбірленушіні мойнынан ұстап көтеріп, тұншықтырып, денесінің әртүрлі бөліктеріне соққылар жасаған. Ер адамның өмірлік белгілерін бермейтіндігіне көз жеткізген соң, Е. қылмыс орнынан жасырынған. Жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болды», – делінген сот хабарламасында.
Прокурор айыптыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы мен оның адвокаты Е.-нің әрекеттерін «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» деп қайта квалификациялап, осы бап бойынша ең төменгі жаза тағайындауды өтінді.
Жәбірленушінің анасы да сотталушыға ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
«Жаза тағайындау кезінде сот кінәні жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кінәні ішінара мойындау, тұрғылықты жері мен жұмыс орнындағы жағымды сипаттамалар, бұрын сотталмаған, кәмелетке толмаған үш баланың асырауында болуы. Сотталушы Е.-ге қатысты жауапкершілікті ауырлататын және жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген соттың шешімінде.
Ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.