Сүйінші! Қазақ ғалымы Жапонияда университет вице-президенті болды

Фото: erkanat_kopjasar

Отандасымыз Серік Мейірманов Жапониядағы университеттің вице-президенттігіне (проректорлығына) тағайындалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Мейірманов Жапонияның беделді Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университетінің (Ritsumeikan Asia Pacific University – APU) вице-президенті (проректоры) лауазымына тағайындалды. APU университеті Жапонияның Беппу қаласында орналасқан.

«Бұл тағайындау – тарихи оқиға десек те болады. Себебі, Жапонияның жоғары оқу орнының басшылық құрамына тұңғыш рет Қазақстан азаматы жоғары әрі жауапты лауазымға көтеріліп отыр. Бұл жайт профессор С. Мейірмановтың кәсіби және тұлғалық қасиеттерінің жоғары деңгейде екенін ғана емес, сонымен қатар қазақстандық ғылым мен білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын көрсетеді.Вице-президент лауазымына тағайындалғанға дейін профессор Серік Қасымханұлы APU университетінде академиялық істер жөніндегі декан (Dean of Academic Affairs) қызметін үш жыл бойы табысты атқарды. Осы кезеңде ол оқу бағдарламалары мен университеттегі академиялық ортаның дамуына елеулі үлес қосты. Оның бай тәжірибесі мен біліктілігі (MD, PhD) оны жаңа басшылық қызметке лайық етті», — деп жазды ғылым және жоғарғы білім министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаев.

Профессор Мейірманов жоғары медициналық білімді Қазақстанда алған.

PhD дәрежесін Жапонияда қорғаған. Бұл оның туған елімен де, қазіргі кәсіби қызмет атқарып жүрген елімен де терең академиялық байланыста екенін көрсетеді.

Айта кетерлік жайт – профессор Мейірманов Қазақстанның ғылыми саласын дамытуға да белсенді атсалысып келеді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің белсенді мүшесі, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңесте шетелдік сарапшы ретінде жұмыс істейді.

Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университеті (APU) бүкіл әлемде өзінің шынайы халықаралық ахуалымен танымал: мұнда 100-ден астам ел мен аймақтан келген 6000-ға жуық студент білім алуда, ал оқытушылар құрамының жартысынан астамы – шетелдік мамандар. Университеттің басты мақсаты – жаңа буынның жаһандық көшбасшыларын дайындау.

Серік Мейірманов 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап вице-президент лауазымына ресми түрде кіріседі.