Sorting by

×

ҚҚС бюджетке берері: салықтық алымды жоғарлатудан биыл кемі 40 млрд теңге кіріс кірмек

Қосымша құн салығын көтеруден мемлекетке кемі биыл 40 миллиард теңге кіріс кіргізуге болады. Қазіргі уақытта салық саласына өзгеріс енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қоғамда салықтық реформаға қатысты сан түрлі пікірлер де айтылып жатыр. Алайда салық психологиясының трансформациясын реттеу арқылы кәсіпкерлердің салық төлеудегі мәдениеті де, жауапкершілігі де жоғарлайды.

«Менің ойымша, биыл бұған дейін жасырылып төленбей жүрген салықтың кем дегенде 40 миллиард теңгесі қайтатын болады. Оның 16 миллиардын ірі құрылыс компаниялары берсе, қалғанын басқа салалардағы компаниялар, ірі ресторан желілері, караокелер мен блогерлер жинап бермек. Демек салық реформасы тек қана жаңа Кодексті қабылдаумен аяқталмайды. Негізгі реформа психология тұрғысында жүрмек. Бизнес бәрібір салықтан жалтара алмайтынын, дер кезінде салық төлесе ғана тыныш ұйықтай алатынын түсіне бастады», — деді экономист Айбар Олжай.

Оның сөзінше, әлеуметтік жүктемесі халық саны өскен сайын, жылда индексация жасаған сайын қарыштап өсіп келе жатқан еліміздің бюджетіне ауадай қажет.

«Ұлттық қор, басқа да резервтер бұл жыртығымызды жамай алмайтыны түсінікті болды. Өз кезегінде енді бизнес те өзі төлеп жатқан салықтың әділ үлестірілуін, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың тиімді жұмыс істеуіне үн қату мүмкіндігіне ие болмақ. Ендеше біз жаңа дәуірге кіру алдында тұрмыз», — деп санайды ол.

Қосылған құн салығы дегеніміз не және оны кімдер төлейді?

Жеке кәсіпкер және Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖК, ЖШС) қызметін жүргізу кезінде кәсіпкерлер белгілі бір сәттен бастап Қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелу міндеті туындауы мүмкін екенін ескеруі керек. Бұл ретте ҚҚС бойынша өз еркімен есепке тұруға болады.

Қосылған құн салығы бұл бюджетке аударым:

— Тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өндіру және айналыс процесінде қосылатын сату бойынша салық салынатын айналым құнының бөліктері;

— Салық салынатын импорт құнының бөліктері (Қазақстан Республикасы аумағына тауарлар импорты кезінде);

— Бұл ретте салық салынатын айналым – ҚҚС төлеуші жасайтын Қазақстандағы тауарлар, жұмыстар, қызметтер (ТЖҚ) өткізу жөніндегі айналым. Салық салынатын импорт – Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін немесе әкелінген тауарлар (ҚҚС-тан босатылғаннан басқа) декларациялануға жатады.

ҚҚС бойынша міндетті есепке қою

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 82-бабы 1-тармағына сәйкес ҚҚС бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қойылуға тиіс:

— Резидент заңды тұлғалар;

— ҚР-да қызметін филиал немесе өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;

— Жеке кәсіпкер;

— Жеке практикамен айналысатын тұлғалар.

Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын ЖК, Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 124 184 АЕК, қолма-қол ақшасыз нысанда жасалған (яғни банк карточкалары арқылы сатып алушылармен есеп айырысу) үшкомпонентті интеграцияланған жүйені (ҮИЖ) пайдалана отырып, айналымның минимумына ЖК айналымдары енгізілмейді.

Сондай-ақ, айналымның минимумына бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушінің айналымы кірмейді.