Руслан Берденовке жасалған шабуыл: Шымкент әкімінің ресми өкілі мәлімдеме жасады

Коллаж: Ulysmedia

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесі Руслан Берденовке жасалған қастандыққа байланысты БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, оқиға 21 сәуір күні кешкі уақытта болған. Сол сәтте қала әкімі, оның орынбасарлары мен аппарат басшылары түгелдей жұмыс орнында болған.

«Оқиға туралы хабар ала салысымен, дереу сол жерге жеттік. Жедел жәрдем мен полиция шақырылды. Руслан Берденов бірден ауруханаға жеткізіліп, №1 қалалық ауруханада оған ота жасалды. Ота ұзаққа созылды. Біз, әкім орынбасарлары, ота біткенше ауруханада болдық. Тек түнгі сағат 2-лер шамасында үйлерімізге тарадық. Бұл жағдайды толық бақылауда ұстадық», – деді Сәрсен Құранбек.

Әкім орынбасары сондай-ақ Шымкент әкімдігінің не себепті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермегенін де түсіндірді. Оның сөзінше, қылмыстық оқиғалар орын алған жағдайда пікір білдіру құқығы – тек құқық қорғау органдарына тиесілі.

«Бұл жерде қылмыс болғандықтан, барлық түсініктеме мен тергеу шаралары – Полиция департаментінің құзырында. Әкімдік тарапынан бұл іске қатысты қандай да бір мәлімдеме жасау заңға қайшы. Себебі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктінің әрекетіне не себеп болғанын нақты айтуға біздің құқығымыз да, өкілеттігіміз де жоқ. Оны тергеу анықтайды», – деді ол.

Сәрсен Құранбек полиция мен прокуратураның жедел әрекет еткенін, ал медицина қызметкерлерінің кәсіби түрде жұмыс атқарғанын атап өтті. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдікті ұсталып, тиісті шаралар қолданылуда. Әкімдік тарапынан жағдайдың бақылауда екені және қалада тыныштықтың қамтамасыз етілгені айтылды.