Рухы мықты Лияжан: Әлия Молдағұлованың туысы батыр қыздың ел білмейтін сырларын жария етті

Әлияның өмірде қандай болғаны, оның мінезінің қалай қалыптасқаны және отбасының ол үшін қандай маңызға ие болғаны туралы оның немере әпкесі Ария Хабиева Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында кеңінен әңгімелеп берді.

«Мен соғыстан кейін, 1949 жылы дүниеге келдім. Әкем Әлияның құрметіне атыпды Ария деп қойды. Оның тағдырын қайталамасын деп есімінің бір әрпін өзгертті. Әлия туралы да көбіне әкем айтып беретін», – дейді Ария Хабиева Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында.

Ария Бейсембайқызы 1956 жылы мектепке барған.

«Сол кезде әкем маған жаңа портфель сатып алып берді. Алдыңғы жағында металл ілгегі бар қақпағы болатын. Әкем соғыс аяқталғаннан кейін де формасын шешкен жоқ, сол погонынан 14 жұлдызшаны шешіп, портфеліме қадап берді. Маған бұл қатты ұнады. Әкем «қызым батырдың туысы екенін білсін» дейтін. Қасымдағы балалар жұлдызшаларды қызығып қарап, ұстап көріп жүретін. Бір күні мұғалім әкеме ескерту жасап, портфелім балалардың назарын алаңдатып жүргенін айтты», – деп күледі ол.

Кейін ата-анасы портфельдегі жұлдызшаларды алып тастаған.

 «Әкем содан кейін мектепке барарда: «Әлияның туысымын» деп мақтанба деп қатаң тапсырма берді. Іштей бәріне жария салғым келсе де, бірақ айтпадым. Жылдар өте Әлияның есімі елге танылғанда, сыныптастарым: «Неге бұрын айтпадың?» деп сұрайтын. Ал бұл – әкемнің талабы болатын», – дейді Ария Хабиева.

Оның айтуынша, Әлия өте шапшаң, зерек әрі сезімтал болған. Дене бітімі шыныққан, ауырмаған. Ол мектеп жасына дейін-ақ оқуға қызығып, бірде прокурор мамандығын, ал бірде ұстаз немесе ұшқыш болуды армандаған екен. Бұл қасиеттер оған ана сүтімен дарыған дейді Ария апай. Оның айтуынша, Әлия балаларға өте мейірімді болған.

«Жауапкершілігі мол еді, кішкентайларға қарап, киімдерін түзеп, қыздардың шашын өріп беретін. Ешкім бұйырмаса да, көмектесіп жүретін. Отбасымызда балалар көп еді», – дейді ол.

Әлия анасы қайтыс болған соң атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген. Солардың арқасында жетімдікті көрмеген, әрі айналасындағылар оны еркелетіп, «Лияжан» деп атаған екен. Оның айтуынша, Бейсембайдың ағасы Әубәкір Молдағұлов Әлияны өз қамқорлығына алып, әпкесі Сапура екеуі үшін паек алған. Әлия Ленинградта оқып жүргенде, Бейсембай аға оған бірнеше рет барған көрінеді.

«Атам мен әжем сәлемдеме ретінде ет, май, құрт салып жіберетін. Ленинградта жүрген Әлия тары мен талқанды жақсы көретін. Мұғалімдері оның зеректігіне таңданып, белсенді, жауапкершілігі жоғары екенін айтқан», – дейді Ария.

Бір күні колхоз базарында бір мас адам қарияға дөрекі сөйлегенде, Әлия оны итеріп, ақсақалды құтқарып қалған. «Оны милиция алып кетті. Бұл жайлы газетке ле мақала шыққан», – дейді Ария апай.

 «Әлия – зерек, батыл, батыр. Бұл қасиеттер – нағыз патриотизмнің негізі. Ол майданға өзі сұранып, бірнеше рет өтініш білдіріп, ақыры жетті», – дейді Ария апай.

Оның айтуынша, Әлия майданда аз уақыт болғанымен, 78 фашистің көзін жойған.

 «Күн сайын майданға аттанған ол «тірі қаламын ба, жоқ па – белгісізі» дейтін. Әкем соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданда болды, соғыстан 1946 жылы ғана оралды. Әлияның қаза тапқанын үйге келген соң естісе де оның өлгенін әлдеқашан ерте сезген еді», – дейді ол.

Әлияның майданнан жазған хаттарынан қазір бар болғаны үш хаты қалған. Біреуі Жекен Жұмахановтың 1959 жылғы кітабында жарияланды. Хаттардың бірі Бейсембай ағаға арналса, бірі Сапураға жазылған.

«Бұл қарапайым қазақ тілінде жазылған хаттар болғанымен, оның сыры тереңде еді. Бірақ сол хаттардың жылы үні баспасөзде сақталмаған. Бізде тек мылтықпен жауды көздеп тұрған әйгілі фотосы ғана бар. Оны бізден алған, бірақ қыстық малақай киген суреті бізде қалды. Мен сол суретке сағаттап қарайтын едім», – дейді ол.

Әлияның бала кездегі суреттері Актөбедегі музейге тапсырылған.

«Онда әпкесі мен ағасымен бірге түскен. Абдулла ағам Әлиядан бір жас үлкен, олар өте жақын болған. Ол да 1943 жылы майданға кеткен. Бірақ оның нақты қайда кеткені белгісіз, фамилиялары әртүрлі болғандықтан, іздеу ауырға соқты. Ол хабарсыз кеткендер қатарында», – дейді ол.