Оңтүстік Кореяның Кенгидо провинциясында болған жол апатынан Қазақстанның 4 азаматы қаза тапқан, деп хабарлайды Korea JoongAng Daily басылымына сілтеме жасаған Qazaq.today.
Оңтүстіккореялық БАҚ-тың мәліметінше, ішінде Қазақстанның 4 азаматы отырған көлік жоғары жылдамдықпен жүруге болатын Сохэан автомагистралінде жол апатына ұшыраған. Салдарынан салонда болған азаматтардың бәрі қаза тапқан.
«Түн ортасында төрт адам мінген Mercedes-Benz көлігі Кенгидо аймағының Хвасон қаласындағы автожолдың оң жақ бетіндегі қоршауға соғылып, көлік құлап, соққыдан кейін өртенген», — делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер жол апатынан кейін шамамен жарты сағаттан соң өртті сөндірген. Салоннан төрт адамның денесі табылған. Марқұмдардың аты-жөні әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта полиция жол апатының себебін анықтап жатыр.