Фото: Olympic.kz
Еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан жыл соңына дейін тағы бір ірі турнирде бақ сынайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі 21-27 қазан күндері Албанияның Тирана қаласында өтеді. Аталған турнирге Ризабек Айтмұханның да қатысатынын оның жеке бапкері Қанат Жолдасбеков ресми түрде мәлімдеді.
«Испаниядағы әлем біріншілігінен чемпион боп оралдық. Бүгінде Ризабек олимпиадалық салмаққа толық үйренді. Алғашында 97 келіге бейімделуге бір жыл уақыт кетеді деп ойлағанбыз. Бірақ жарты жыл ішінде осы салмаққа әбден ысылды. Осы аралықта бұл салмақтағы ТОП-8 қатарына енетін балуандардың бәрімен кездестік.
Олимпиада жүлдегері, ирандық Әмір Әли Азарпирамен белдесеміз деген жоспар болған. Алайда, ол жарақатына байланысты бұл турнирге қатыспайды екен.
Албаниядағы әлем чемпионатына осы салмақтағы үздік балуандар жиналады. АҚШ, Иран секілді мемлекеттер екінші нөмірлі спортшыларын жібереді. Сондықтан, 20 қыркүйектен бастап қайтадан жаттығу жиынына кірісеміз.
Жыл соңына дейін Таразда өтетін Д. Қонаевты еске алуға арналған турнирге қатыссақ деген жоспарымыз бар. Әзірге, нақты емес. Өз елімізде өтетін турнир болғандықтан, жанкүйерді қуантсақ деген ой да тұр.
Келесі жыл жоспар бойынша өтеді. Ресейлік балуандармен ресми түрде кездеспегендіктен, Ярыгин турниріне барсақ деген ойымыз бар», — деді Қанат Жолдасбеков.