Әлеуметтік желіде Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соққан видео жарияланды. Ішкі істер министрлігі аталған видеоға қатысты түсініктеме берді.
Видеода зардап шегуші — Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал шабуылдаушылар — Қазақстан азаматтары және жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған деп көрсетілген.
Ведомство мәліметінше, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ, – деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
StopFake.kz сайтының хабарлауынша, бұл кадрларды Қазнет пайдаланушылары жарыса талқылап жатыр. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кеткенін жазды.
«Соңғы кездері ашық арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кетті. Қазақстанда болмаған оқиғаны осы жерде болды деп көрсету, фейк ақпаратты таратудың түпкі мақсаты белгілі. Қазір елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар мен көптеген елдің лидерлерінің келуі, халықаралық деңгейдегі түрлі тарихи маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақстан имиджіне оң әсер етері белгілі. Ал әлгіндей жалған, әдейі жасалған ақпараттық шабуылдар уыздай ұйып отырған ұлттың берекесін кетіру үшін әдейі жасалатыны анық. Сондықтан әсіресе, әріптестеріме әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға сергек қарап, тек қана дәйекті мәліметтерге сүйенуін сұраймыз», — деп жазды министр.