Белгород облысында таңертеңнен бері қиян-кескі шайқас жүріп жатыр. Ұрыс жайында Украина мен Ресейдің Telegram-арналары таңертеңнен бері жан-жақты мәлімет тарата бастады. Өткен аптада Курск облысына кірген укарин сарбаздары ондаған ауылдарды басып алды. Украина әскері Суджа мен басқа да аудандардың селоларындағы жергілікті әкімшіліктің ғимараттарына ту тіккен.
Енді Украина Белгород облысына шабуылды бастады. Украина БАҚ-тың хабарлауынша, шекара маңындағы Пороз селосында шайқас болып жатыр. Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков та тұрғындарды көшіру басталғанын растады.
«Жау Белгород облысының Краснояруж ауданына шабуылды бастады. Қазір біз тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысын бастадық», — деді Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков.
Порозға Украина сарбаздары мен Грузияның еріктілер жасағы кірген. Осыған байланысты Ресей Белгород пен Донецк маңындағы әскердің бір бөлігін Курск облысына жіберуге мәжбүр болды. Бірақ одан тиісті нәтиже шығара алмай отыр. Керісінше, Ресей билігі Курск облысынан 76 мың адамды эвакуациялаған. Бұл туралы РФ Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Қазір Курск облысындағы ұрыс аумағы ұлғайып, 650 шаршы шақырымға дейін жетті. Бұған дейін Украина әскері шешенстандық «Ахмад» жауынгерлерін тұтқынға алғаны жарияланған еді.