Литва парламенті Ресейді бірауыздан «террористік мемлекет» деп таныды. Бұл туралы Qazaq.Today басылымы Ордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Delfi басылымының хабарлауынша, 10 мамырда Литва Сеймі Украинадағы «әскери операцияға» байланысты Ресейді «терроризмді қолдайтын және жүзеге асыратын мемлекет» деп есептейтін қарар қабылдады. Парламент депутаттары қарарға бірауыздан дауыс берді – 128 дауыс.
Литва парламенті әскери операцияны «украин халқының геноциді» деп атады. Сондай-ақ, ел халықаралық қауымдастықты Ресейдің Украинаға қарсы әрекеттерін тексеріп, бағалайтын арнайы қылмыстық трибунал құруға шақырды. Бұл трибунал халықаралық тұтқынға алу ордерлерін шығаруға құқылы болуы керек. Сонымен бірге, мемлекет басшыларының, үкіметтердің және басқа да шенеуніктердің иммунитетін алып тастау керек, делінген қарарда.
«Қарулы күштері бомбалау үшін азаматтық нысандарды қасақана және жүйелі түрде таңдайтын Ресей Федерациясы терроризмді қолдайтын және жүзеге асыратын мемлекет» делінген құжатта.
Еске салсақ, 24 ақпанда Владимир Путин Украинаны «демилитаризациялау» және «деназияландыру» бойынша әскери операция бастаған.