Ресей Орталық Азиядағы бірінші атом электр стансасын Өзбекстанда салатын болды

Ядролық келісім жүзеге асатын болса, Батыстың санкциялары күшейтіп жатқанына қарамастан, Ресей энергияны ғана емес, жоғары технологиялық өнімдерді де жаңа азиялық нарықтарға экспорттау мүмкіндігін байқата алады. Бұл туралы Qazaq.today порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өз кезегінде Путин Ресейдің Өзбекстандағы жобаларды қаржыландыру үшін 500 миллион долларлық бірлескен инвестициялық қорға 400 миллион доллар салатынын айтты.

Мирзиёев Ташкенттің Ресейден мұнай мен газды көбірек сатып алуға мүдделі екенін жасырмады. Бұл мәлімдеме Мәскеудің Орталық Азиядан көмірсутегіні ондаған жылдар бойы импорттаған тәжірибесіне қарама-қайшы тәрізді көрінеді.

Тағы бір  айта кететін жайт, өзбек басшысы Путиннің сапарын «тарихи» деп бағалады.

«Бұл елдеріміз арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастардағы жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді», – дейді Мирзиёев.

Путин де Ташкентті Мәскеудің «стратегиялық серіктесі және сенімді одақтасы» деп атады.

Кремль жариялаған құжаттарға жүгінсек, Ресейдің «Росатом» мемлекеттік ядролық фирмасы Өзбекстанда әрқайсысының қуаты 55 мегаватт болатын алты ядролық реактор салмақ. Дегенмен, бұл – 2018 жылы келісілген 2,4 гигаваттық жобадан әлдеқайда шағын жоба.

Бұрынғы кеңестік Орталық Азиядағы бес республиканың ешқайсысында атом электр станциясы жоқ. Бірақ Өзбекстан мен Қазақстан ірі уран өндіруші елдер ретінде өздерінің өсіп келе жатқан экономикаларына атом электр станциялары қажет екенін баяғыдан айтып келеді.

Қазақстанда АЭС салу мәселесіне келсек, бұл жоба әлі ай-күні белгіленбеген жалпыхалықтық референдумнан кейін ғана алға жылжуы мүмкін.

«Әлемнің барлық дерлік жетекші елдері ядролық энергетиканың көмегімен өздерінің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етіп жатыр», – дейді Мирзиёев.

Энергиямен қамтамасыз ету

Украина үшін Батыспен тайталасып жатқан Ресейдің газ экспортын Азияға бағыттау науқанын пайдаланып, Өзбекстан былтыр қазан айында ресейлік табиғи газды құбырмен импорттай бастады.

Жылына шамамен 50 миллиард текше метр газ өндіріп отырса да, Өзбекстан ішкі сұранысты толық қанағаттандыруға әзірге қауқарсыз. Ал Ресейден жеткен көгілдір отын бұл республикаға энергетикалық дағдарыстың алдын алуға мүмкіндік береді.

«(Газ) экспорты мерзімінен бұрын орындалып жатыр, қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз», – деді Путин.

Мирзиёевтің айтуынша, Ташкент Ресейден мұнай импортын арттыруға да ынталы.

Екі лидер өз үкіметтерінің тау-кен, металл және химия салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.