«Рейдерлікпен тартып алды»: Болат Назарбаев атақты Алтын Орда базарынан айырылып қалды

Елбасының туған інісі Болат Назарбаев атақты Алтын Орда базарынан айырылып қалды. Одан базарды бір апта бұрын тартып алған. “Алтын Орда” базарында 800 астам кәсіпкер рейдерлік әрекеттен зардап шегіп отыр. Салынып жатқан сауда кешеніне алдын ала төлеген қаражаттарына қарамастан саудагерлер далада қалмақ, деп хабарлайды Qazaq.Totay ақпараттық агенттігі.

Базарды он жыл басқарған адамдардың сөзінше, 20 гектар жерді алып жатқан сауда аймағын 20- сәуірде жаңа қожайын өздерінің атына рейдерлік әрекет арқылы күшпен рәсімдеп алған. 2012 жылдан бастап базардың заңды иесі ретінде «Құрылыс LTD» ЖШС танылған. Оның қожайыны Болат Назарбаев болған. Ал базардың ісін «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС келісім шарт негізінде жүргізген. Модернизациялауға байланысты қос компания бірігіп жұмыс істеген. Инвестор ретінде «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС бұған дейін 80 адамға арналған ет бордақылау ғимаратын, 400 кәсіпкерге арналған құны 1,2 миллиард теңге тұратын сауда кешенін салған. 2020 жылдан бастап екі қабатты, 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы басталған.

«Арамызда сауда орындарын алу үшін толық төлем және жартылай төлем жасағандар бар. Бізге орындарымызды кім береді? Біреулер орындарды бермейді дейді. Жартылай төлем жасағандар қалғанын кімге төлейді? Бұрынғы басшыларға ма, әлде жаңа басшыларға ма? Ешкім білмейді», – дейді жаңа павильоннан орын алмақ болған саудагер Зоя Асипова.

«Құрылыс LTD» ЖШС мен «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС арасында келісім шарт бар. «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС базардағы саудагер салымшылардың алдында міндеттемесі бар. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің тапсырмасы бойынша барлық құзылы органдардан 120 адам келіп базарды тексерген. Тексеру бойынша ескертпелерді реттеуге тапсырма беріліп, кемшілік ретінде табылған 1,6 миллиард теңгенің салығын төледік. Бірақ 19 –сәуірде тексеруді тоқтату туралы Бас прокуратураның қаулысы шығады да, 20-сәуір күні «Құрылыс LTD» ЖШС директоры Камила есімді әйелді қорқытып, үркіту арқылы құжаттарды Данияр Әлпиев рейдерлік жолмен тартып алды», — деді «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС директорының орынбасары.

Салынып жатқан жаңа ғимараттан орын алу үшін 800 кәсіпкердің әрқайсысы 3-7 млн теңге аралығында ақшаларын алдын ала төлеген. Халықтың «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС арқылы құрылысқа салған ақшасының жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрайды. Бірақ жуырда пайда болған жаңа қожайын кәсіпкерлерге орын бермейтінін ескерткен дейді базардың бұрынғы басышлары.

«Сотсыз, тікелей Қырғызстанның бандиттері арқылы базарды Әлпиев тартып алды. Оның өзі Қырғызстанның тумасы, оның әкесі Алтынбек Әлпиев осы базарды алғаш рет 2000 жылдары ашқан. Базарды 2012 жылға дейін солар басқарған. Сол Данияр Әлпиев бандиттер арқылы сенімхаты бар Камиладан «Құрылыс LTD» ЖШС құжаттарын тартып алды. Камиланы күштеп алып кеткен туралы да видео дәлелдер бар. Ал базарды жүргізіп келген «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС кұшпен қуып шықты да, 90 пайызы бітуге айналған сауда кешенін ақшасын төлеп қойған кәсіпкерлерге бермейміз деп жатыр. Бұл таза рейдерлік әрекет. Жақында Данияр Әлпиев видео үндеу арқылы Президенттен де көмек сұрап отыр. Бірақ ол шындығында мүлкінен айырылып қалған адам емес. Қазір базар қырғыздардың қолына көшті. Халық ашулы», — деді «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілдері.

Базар құрылғалы ширек ғасырға жуық уақыттағы төленбеген салықтық берешектерді «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС жуырда төлеп, барлық қарызды жапқан сәтте, жаңа қожайын пайда бола кеткен. Ал 30 мың шаршы метр сауда кешенінің өздеріне берілмейтінін естіген халық митингіге шықпақ та болған. Мәселе шешілмегендіткен «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілдері мен саудагерлер бүгін БАҚ арқылы қоғамнан, биліктен әділдік сұрады.

Ал «Алтын Орда» базары жаңа әкімшілігінің өкілі Ермек Мархабевтың сөзінше, саудагерлерге базардан орын берілмейді және рейдерлік әрекетпен базарды тартып алды деген пікір жалған. Оның сөзінше, бұл базардың бұрынғы әкімшілік өкілдері тарапынан әдейі жасалып отырған арандатушылық.

«Мен базардағы жұмысымды бастағаныма бүгін төртінші күн. Осы уақыт ішінде ресми түрде 400-ден астам саудагерді қабылдадым. Олардың барлығына бірдей жауап берудемін, осы жаңа павильонда орын сатып алған саудагерлер толықтай өздеріне тиесілі сауда орындарын алады», – деді Ермек Мархабев.

Павильонның құрылысы бір жарым айдың ішінде аяқталып, толығымен қолданысқа беріледі. Бірақ сауда орнына жартылай төлем жасалғандардың мәселесі қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Жаңа басшылардың сөзінше, бұрынғылар үлескерлердің төлемі бойынша ешқандай ақпарат бермеген.

«Сауда орындары үшін 100% төлем жасағандардан ешқандай төлем алынбайды. Ал жартылай төлем жасағандар павильонның құрылысы толығымен аяқталған соң ғана қалғанын төлейді. Қазір біз осы мәселелерді бұрынғы басшылықпен шешетін боламыз», – деп сендірді базардың жаңа басшылары.

5