Даниялық «Силькеборг» футбол клубы Нидерландыдағы оқу-жаттығу жиыны барысында «ПЕК Зволле» командасына қарсы ойын өткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Матч «Силькеборгтың» 3:1 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды. Ойынның 27-минутында Александр Линд гол соғып, даниялықтарды есепте алға шығарды. Ал 31-минутта «Силькеборгтың» негізгі құрамында шыққан қазақстандық жартылай қорғаушы Рамазан Оразов пенальтиді мүлтіксіз орындап, есеп айырмасын еселей түсті. Матчтың 32-минутында Тони Адамсен есепті 3:0-ге жеткізді. Ал қарсылас команданың ойыншысы Энтони Фонтана матчтың 46-минутында гол соғып, есепті қысқартты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Рамазан Оразов биыл маусым айының соңында «Ақтөбемен» қош айтысып, даниялық «Силькеборгтың» сапына қосылған болатын.
Фото: ҚФФ