Қызылордада оқушыны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген сыныптастары қамауға алынды

Қызылорда облысында жағаұстатар жағдай болған. «Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің сөзінше, 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Полиция бұл іске қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қызылорда полицейлері Massaget.kz тілшісінің сауалына берген жауабында бұл дерекке қатысты күдіктілердің ұсталғанын растады.

«Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр», — делінген жауапта.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір адам өзінің қылмыстық құқықбұзушылық жасаған кінәсі дәлелденбейінше кінәсіз деп танылады.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді.

Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз — бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.

Фото: elements.envato.com