Қызылорда облысында 800 млн теңге бөлінген аурухананың тіпті қабырғасы да толық қаланбаған

Қызылорда облысында құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған аурухананың тек қаңқасы ғана тұрғызылған. Мердігер мекеме мемлекеттен тендер арқылы тапсырыс алғанымен, жұмысты сол қалпы аяқтамаған, деп хабарлайды qazaq.today агенттігі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Арал ауданының әкімдігі Сексеуіл кентіндегі небәрі 40 төсектік аурухана құрылысын аяқтаудың жолын үш жылдан бері таппай келеді. Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 13 мың тұрғыны бар кентке шағын аурухана салу үшін үш үлкен компаниямен келісімшарт жасасқан. Алайда, құны 800 миллион теңгеге жуық құрылыс нысанының тіпті қаңқасы да толық қаланбапты. Бас мердігер «Атамекен» ЖШС қыруар қаржы алғанымен, қызыл кірпіштерді шала-шарпы қалап, жұмысты ортасынан тастап кеткен.

 

«Сексеуіл кентіндегі аурухананың құрылысы 2019 жылы басталған. Алайда кейіннен мердігер компаниямен арада проблемалар шығып, құрылыс тоқтап қалғаны. Ақпарат бойынша аудан, кент әкімшілігі және облыс әкімдігі бірлесе отырып, жұмыстың қайта жандануы үшін бар күш-жігерін салмақ. Жалпы аурухана Сексеуіл кенті үшін өте маңызды», — деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.

Қаржыландыру көзі Қызылорда облысының бюджетінен бөлінген. Келісімшарт құны – 782 миллион теңгеден асады. Мердігер компания жоспарланған қаражаттың 532 миллион теңгесін, яғни 70%-дан астамын алып қойған. Алайда жұмыстың 30%-ын да аяқтамаған. Әкімдік қаражатты алғанмен, жұмысты тастап кеткен компанияға тағы 220 миллион теңге беру керек деп отыр.

«Нысанды аяқтауға қажетті қаржы – 219 млн 665 мың теңге. Бір қабатты, 40 төсектік, А,Б және В блоктан тұрады, емдеу бөлімі, лаборатория, асхана, жылу қазандығы, автотұрақ,  КТПН, ДЭС, 50м3 су қоймасы, шаруашылық блогы, қоқыс төгетін орын, өртке арналған резервуар салыну керек», – дейді Арал ауданының әкімдігі.

Ауруханаға 3,5 гектар жер бөлініп, 4 123 текше метр құрылыс нысаны салынуы керек еді. Жоспар бойынша 10 айда медициналық мекеме құрылысы аяқталып, аудан 2021 жылы аурухананы пайдалануға беруі тиіс болған. Алайда құрылыс басталғалы бері үш жылға жуықтаса да жұмыс сол қалпы тоқтап тұр. Желге ұшқан ақшаны қайтара алмаған облыстық әкімдік жобалық сметалық құжатты қайта жасап, екінші рет қаражат бөлмек.

«Қазіргі таңда нысанның негізгі ғимараты бойынша жер жұмыстары, іргетас құю жұмыстары толық аяқталды. Қыш қалау жұмыстарының 50%-ы орындалды. Сыртқы ауыз су және кәріз су жүйелері 30% орындалды. Сонымен қатар қосымша құрылыстардан жылу қазандығы және асханасы бойынша іргетас орнату, қыш қалау және төбе жабындысын орнату жұмыстары аяқталған. Дегенмен, мердігер мекеме тарапынан шарт талаптарын тиісінше орындамауы себебінен тапсырыс беруші арасындағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге жасалған шарт бұзылды. Нысан консервацияланып, күзетіп сақтауға алынды. Қазіргі таңда аурухананың жоба-сметалық құжаттамасы корректировка (жоба бағасын қайта есептеуге) жасауға тапсырылды. Сметалық құжаттамасына корректировка жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен соң, қалған құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында қайтадан мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіледі», -деді Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

7