Қырғыз Республикасының бірнеше қаласында саудагерлер салық реформасына қарсы минтигке шықты, деп хабарлады 24.kg.
Әуелі Бішкектегі «Дордой» базарының 300-ден астам саудагері арнаулы салық тәртіптемесіне қарсы шықты. Олар салық тәртіптемесін алып тастап, патент бойынша жұмыс істеуді жалғастыруды талап етті. Жаңа тәртіп бойынша Қырғызстандағы кейбір үлкен базарларда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнаулы салық тәртіптемесі енгізілуі тиіс. Соның ішінде Орталық Азиядағы ең үлкен сауда орнының бірі саналатын «Дордой» базары да бар. Егер келесі жылдан бастап жаңа салық жүйесі енгізілсе, базардың саудагерлері тауардан түскен табысқа қарай мемлекетке салық төлейтін болады. Сонымен бірге арнаулы салық тәртіптемесінде тауарды базарда ғана сату керек деген бап бар. Ал бұған «Дордойдың» саудагерлері келіспей отыр.
Қырғызстанның басқа базарларында да саудагерлер арнаулы салық тәртіптемесіне қарсы шығып жатыр. Мысалы, Ош облысындағы «Қара-Суу», Бішкектегі «Таатан», «Азиз» бен «Чынар» базарларының саудагерлері де жаңа тәртіпке наразылық білдірді.
Ош қаласында да саудагерлер арнаулы салық тәртіптемесі мен бақылау-кассалық машинасына да қарсы шықты. Бұл жерге 100-ге жуық адам жиналған. Елдің солтүстік-батыс өңіріндегі Талас пен Қаракөл қалаларында да халық митингке шығып жатыр. Олар егер талабымыз орындалмаса жаппай ереуілге шығымыз деп мәлімдеді. Бішкектегі митингте саудагерлермен жергілікті билік өкілдері сөйлесіп, бір келісімге келуге шақырған. Билік өкілдері мәселені 5 желтоқсанға дейін шешуге тырысамыз деген көрінеді.