«Құны 2,73 млрд теңге»:  «Самұрық-Энерго» энергетиктері Алматы облысында жаңа қосалқы станцияны іске қосты

Алматы облысында жаңадан электр станциясы салынды. Ол өңір экономикасын дамыту үшін аса маңызды энергетикалық нысан саналады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.  «Көкөзек» қосалқы станциясының (ҚС-110/10-10кВ) құрылысы үш айда аяқталып, өндіріске енгізілді. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ («АЖК» АҚ) іске асырған жоба Қарасай ауданында бос қуат тапшылығы бар индустриялық аймақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа қосалқы станция шағын және орта бизнес субъектілерін сенімді және тұрақты түрде электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді және өңірде қажетті әлеуметтік-мәдени маңызы бар объектілерді салу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Бұл облыс үшін өте маңызды жоба. Қарасай, Жамбыл, Іле ауданынның өндіріс орындары кейін осыған қосылады. Инвестицияның тартымдылығын ескерсек, бұл станцияның маңыздылығы біз үшін өте зор. Станция қосылған бетте одан одан берілетін тоқ таратылып кетті. Бұл станцияны кеңейту жағы да көтеріліп жатыр. Өйткені қазір жер жұмыстары бітті, жақында темекі шығаратын фабриканың құрылысы басталады. Сусындар шығаратын халықаралық компаниялар өнімдерін кеңейтуге мүмкіндік туды, Елдімекендерде күннен күнге өсіп жатыр», — деді Алматы облысының әкімі.

110/10 кВ «Көкөзек» қосалқы станциясын салу қажеттілігі бірқатар факторлардан туындады. Қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі мәселесі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеді.  Өңірдегі қосалқы станциялардың жоғары, максималды жүктемесі электр жабдықтарының жиі апатты істен шығуына және тұтынушыларды, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын электр қуатымен жабдықтаудағы үзілістерге алып келді. Мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, Алматы облысының басшылығы, Қарасай ауданының әкімдігі және «АЖК» АҚ жаңа қосалқы станция салу туралы шешім қабылдады.

«Бізде тоқтың тапшылығы жиі болып тұрады. Өйткені Қонаев қаласы, салынып жатқан моно қала, индустиалды аймақтар бар. Шелек, Жетіген, Қазыбек бек индустриалды аймағы бар. Жер көлемі үлкен, бірақ ондағы компанияларға электр қуаты жетіспейді. Инфроқұрылымды дұрыс жолға қойсақ, өндіріс саласы тез дамиды. Былтыр ғана 200 гектар жерге «Қайрат» индустриалды аймағын аштық. Бүгінде ол жерде бірде-бір бос орын қалмады, 11 компания орналасады, алғашқылары жұмысын биыл бастайды. Электр тоғына сұраныс өте көп», — деді Марат Сұлтанғазиев. 

Нысанда әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары вольтты жабдықтары орнатылған. Салынған энергетикалық нысан стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді.

«Көкөзек» қосалқы станциясының құрылысы «АЖК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компанияның қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жобаның құны — 2,73 млрд теңге.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жаңа қосалқы станцияның құрылысы 2021 жылы басталып, жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес жүргізілді. Енді өңір үшін өте маңызды энергетикалық нысан 346 шағын және орта бизнес субъектілерін, сондай-ақ аудандағы тұрғын үй секторының 1362 тұтынушыларын сенімді және тұрақты түрде электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді. «Қосалқы станция қосымша тұтынушыларды қосу мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, осылайша өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 баладан тұратын екі жайлы мектепті қосуға техникалық жағдай жасалды»,- деді «Самұрық – Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов. 

 

Компания сарапшыларының айтуынша, Алматы энергожүйесін дамыту белгіленген қарқынмен жүріп жатыр. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес қолданыстағы электр желілерін жаңғырту және жаңа электр желілерін салу, сондай-ақ ескірген жабдықты ауыстыра отырып, қолда бар трансформаторлық қосалқы станцияларды реконструкциялау жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады. Осы жобаларды іске асыру желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, сондай-ақ жаңа тұтынушылардың қосылуын қамтамасыз етуге және желідегі кернеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.