Қосымша грант иегерлерінің тізімі жарияланды

Фото: pixabay.com
«Қазақстан халқына» қоры жоғары оқу орындарының 792 грант иегерінің тізімін жариялады. Бұл гранттар арнайы санатқа жатқызылған абитуриенттерге қосымша бөлініп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«11 қыркүйекте «Қазақстан халқына» қоры Басқармасы 2024 жылға арналған білім гранттарына ие болған талапкерлердің тізімін бекітті. Биыл қайырымдылық бағдарламасы аясында 850 грантты бөлу үшін 93 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындары (ЖОО) таңдалды. 2024 жылдың  1-17 тамызы аралығында білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары бағдарламаға қатысуға ниетті үміткерлердің өтініштерін қабылдады», делінген қор сайтында жарияланған хабарламада.

Құжаттардың критерийлерге сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша келесі санаттар бойынша бөлінген 792 өтініш берушінің түпкілікті тізімі қалыптастырылды:

  • 3 өтініш беруші (0,4%) — 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары;
  • 168 өтініш беруші (21,2%) — жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • 149 өтініш беруші (18,7%) — ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан үміткерлер;
  • 177 өтініш беруші (22,4%) – мүгедектігі бар азаматтар;
  • 295 өтініш беруші (37,3%) — мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасында тәрбиеленіп отырғандар.

«Қазақстан халқына» қорының білім беру гранты тегін, күндізгі бөлімде оқудың барлық кезеңіне бакалавр дәрежесін бере отырып, жылына 1 миллион теңгеге дейін жоғары білім алу құнын өтейді. Сондай-ақ грант иелеріне жазғы демалысты есепке алмағанда жылына 10 айға 40 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді.

«Қазақстан халқына» қорының білім гранттары иегерлерінің тізімімен мына арадан таныса аласыздар.

138