Қостанайда көбік кешіндегі кішкентай қыздың өлімі: 24 жастағы әйел сотталды

Фото: Pixabay

Қостанай облыстық балалар ауруханасында көбік кеші кезінде ток соққан 9 жастағы қыз көз жұмды. Мерекені ұйымастырған 24 жастағы келіншекке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Сотта жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы 24 жастағы Алина Күзенбаева айып тағылды, деп жазады Stan.kz.

Оның айтуынша, бұл ұйым шараны Жастар күніне дайындап жатқан. Әйел ұйымдастырушы емес, орындаушы екенін алға тартып, өз кінәсін мойындамады. Оның адвокаты да қорғауындағы азаматтың кінәсіздігін айтып, соттан әкімдік қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

«Кішкентай балаларға арналған іс-шараны ұйымдастыру кезінде Күзенбаева абайсызда адам өліміне әкеліп соқтырған қауіпсіздік шараларын дұрыс қолданбағаны үшін кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабын қолданып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағайындалған жаза шартты деп танылсын», – деп үкімді судья Жанна Қисықова жариялады.

Сот үкім шығару кезінде әйелдің жалғыз бала тәрбиелеп отырғанын және оның жасын ескерген.

Сонымен қатар сот Қостанай облысының әкімдігіне қатысты жеке қаулы шығарды. Өйткені әкімдік қызметкерлері оқиға болған сахнаның қауіпсіздігін қадағаламаған.

Үкімді жариялау кезінде қыз көбік кешінде қайтыс болған күні тағы бірнеше баланың жарақат алып, қолдарын күйік шалғаны, бірақ олардың ауруханаға бармағаны белгілі болды. Балалардың ата-аналары шараны ұйымдастырушыларға ешқандай арыз-шағым түсірмеген.

Еске салайық, 2023 жылдың 25 тамызында Қостанай облысы Ұзынкөл ауылында Жастар күніне арналған көбік кеші өтті. Онда 9 жасар қызды тоқ соқты. Дәрігерлер баланың өмірі үшін ақырына дейін күрескенімен, қыз 12 қыркүйекте Қостанай облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.