Қостанай облысында үй өртеніп, егіз бала көз жұмды

Қостанай облысында жеке үйден шыққан өрт салдарынан екі кішкентай бала қайтыс болды, деп хабарлайды Qazaq.today Azattyq Ruhy.-на сілтеме жасап. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 27 сәуірде Ұзынкөл ауданы Ершовка ауылында болған.

«Өртенген үйден 2020 жылы туған егіз баланың денесі табылды. Өрт ас үйден шығып, 5 шаршы метр аумаққа тараған. Өрт кезінде балалар үйде жалғыз қалған. Оқиға туралы жұмыстан қайтқан отағасы  хабарлады», — делінген хабарламада.

Қазіргі кезде құтқарушылар қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Өрт электр су жылытқышының электр желісіне қосылып тұрған кезінде, токтың қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін.

«Балалар өлімінің алдын ала себебі: көміртегі тотығынан улану», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция оқиғаның мән-жайы тергеу мүддесі үшін айтылмайтыны ескертті.

 

Qazaq.today