Алматы облысында жүк таситын кәсіпкерлер мен жүргізушілер мемлекеттік кірістер департаментінің жобасына түбегейлі қарсы. Соңғы бір жарым айдан бері Қорғаста тексеріс жүріп жатқаны белгілі. Үкіметтен де, министрліктен де жауапты адамдар бірнеше рет келіп, тауар тасымалының ашықтығын реттеудің жолдарын қарастырған. Бұл туралы Qazaq.Today басылымы Азаттық рухына сілтеме жасап хабарлайды.
Қорғастағы көлеңкелі экономиканы реттеп, қордаланған проблемаларды шешу үшін лауазымды тұлғалар Панфилов ауданына да барыпты. Алайда, МКД өкілдері тасымалдаумен күн көретін жергілікті халықты үкімет мүшелерімен жолықтырмаған. Ауыр жүк көліктерінің иелері алдағы уақытта тағы да келеңсіз жағдайға тап болатындарын айтады. Олардың сөзінше, жергілікті атқамінерлер ескі монополистік жүйені қайта әкелмек. Жүк тасымалымен жан сақтап жүрген мыңдаған жүргізушіні Қытай жаққа өткізбей, Қорғастан қайтарудың жолдарын ұсынған. Ал екі мемлекеттің ортасындағы негізгі тасымалмен тағы да өздері құрған компания айналыспақ дейді бастамашыл топ.
«Біз былтырғы шудан соң Қорғаста келісімге келіп, 8 ай жүк тасымалдаумен ешқандай проблемасыз айналыстық. ҚХР шекарасындағы жүк сақтау қоймасы мен Қорғастағы уақытша жүк сақтау қоймасының арасы 3 шақырымға жуық. Бұрын осы екі орталықтағы тауарды тасумен тек «Евротранзит» ЖШС айналысқандықтан, осы өңірдің тұрғындары мен өзге облыстардан келетін жүк көліктерінің иелері жұмыссыз қалды. Екі орта еркін аймақ аталып, сол жерде ғана айналып тауар таситын компания өздерінің ғана көліктеріне рұқсат алған. Сосын жүргізушілер бірігіп, жүк тасымалына жергілікті халықтың да айналысуына мүмкіндік алды. Жүргізушілер көрсеткен қызметіне 8 айдың ішінде МКД 418 млн теңге салық төледі. Оны МКД есепке алмай, өздерінің жобаларын үкіметке осымен үшінші рет ұсынды. Бұдан халыққа ешқандай пайда жоқ, елді жұмыссыз қалдырып, жеке монополистредің қалтасын ойлау деп түсінеміз. Халықты табыс табудан шектеп, Қытай-Қазақстан ортасындағы жүк сақтау қоймаларына өздері бекіттіріп алған компания арқылы табыс таппақ. Олар бұл жүйемен бұрында айналысқан», — деді Панфилов ауданындағы белсенді топтың жетекшісі Бақытжан Мұқаметжанов.
Президент дәл осы кеден аймағындағы жемқорлықты айтып, құзырлы органдарға арнайы тапсырма берген болатын. Мемлекеттік кірістер департаменті қазір Қорғас маңын ретке келтірумен айналысып жатыр. Қарсы тараптың сөзінше, салықты қадағалаушы мекеме министрлікке өздерінің жобаларын бірнеше рет ұсынған. Екі мемлекеттің ортасындағы еркін аймақта тек белгілі бір компанияға ғана рұқсат бермек деп санайды жүргізушілердің құқығын қорғап жүрген бір топ адам. Есесіне елдің әр облысынан және Жаркент маңындағы тұрғындарды Қытай жаққа өткізбеу керек деп шешкен. Бұл ұсынысқа жүргізушілер мен белсенді топ түбегейлі қарсы.
«Халықты құл ретінде ұстамақ»
«Өткенде жергілікті билік министрліктің өкілдерімен халықты кездестірмеді. Өйткені, ол жақтағы қулықты айтып қояды, өздерінің жобасына қарсы шығады деп санайды. Министрліктен келгендер халық атынан сөйлейтін белсенді топтың өкілдерін өздері шақыртқан соң, олар тек соңында амалсыз жиынға бізді қатыстырды. МКД бір жобаны үш рет ұсынған, біз оған қарсы шықтық. Қытайға өтетін электронды кезекті мүлдем жойып, халық тек Қорғастан тауар тиеп, оны 200 мың теңгеге Алматыға таситындарға сандық кезекті қалдырайын деп ұсынды. Сонда халық 150-200 мың теңгеге бола айлап кезегін күте ме? Бала-шағаны асыраймын деп отырған халықты қалай тоқтатасың? Бұлардың әрекеті – халыққа жасалған қиянат. МКД басшылары бізді, халықты табыстан айырмақ. Олардың жобасының мемлекетке де, халыққа да пайдасы жоқ. Белгілі бір топтың жеке пайдасы, жемқорлықты тағы да жалғастырудың мақсаты. Егер жемқорлықты жалғастырмаймыз десе бұрынғы жобаны, ескі жүйені тағы да тықпаламас еді, сол бұрыннан мол пайда тауып келген топ тек компанияның атын өзгертіп, баяғы схеманы тықпалап отыр. Олардың жүйесі болған кезде халық табыстан айырылған. Жұмыс бердік деп жол шығынын ақтамайтын әлгі 200 мың теңгеге тауар тасытып, құл ретінде ұстамақшы», — деді жүк көлігінің иесі Мұқаметжанов.
Шағымданушылардың сөзінше, Қорғас арқылы күн көретін ауыр жүк көліктерінің 15 мыңнан астам жүргізушісі бар. Кезінде өздері тапсырыс арқылы жасатқан мемлекеттік кірістер департаменті енді әлгі электронды кезекті Қытайға өтетін жүргізушілер үшін жоюды ұсынған. Оны тек Қорғастан кері қайтатын ішкі тасымалдаушылар қолдану керек деп шешкен. Халық бұл ұсынысқа түбегейлі қарсы. Қос тараптың бір-бірімен келісе алмай жатқанына айдан асқан. Бұрын Қытайдан тауарды 500 мың теңгеге тасыған жүргізушілерді енді арғы бетке өткізбей, Алматыға дейін 200 мың теңгеге апаруды ұсынған.
«Итке сүйек тастағандай»
«Осыдан бірнеше жыл бұрын «Евротранзит» компаниясы шекараның ортасында жүк таситын жалғыз монополист атанды. Айтысып, тартысып жүріп электронды кезек арқылы халық Қытайға өтуге мүмкіндік алды. Көптеген адамнан осы электронды кезекті ІІМ базасына қосып, проблемалық сұрақтарды шешуді ұсындық. Бірақ МКД бұған көңіл аудармады. Тіпті, Бақыт Сұлтанов Қорғасқа келгенде бастамашыл топты оған жібермей, ең соңында облыс әкімі шақыртқан соң ғана кездестірді. Сол кездесуде МКД министрлікке шекара маңында халықтың жоғын жоқтап, құқығын көтеріп жүрген топты жамандап шығарыпты. Ақпарат тақтасындағы бұл мәліметті көріп, біз олардың шекара маңындағы елдің жұмыс істеуіне қарсы екенін түсіндік. МКД конкурс негізінде бір компания Қорғасқа Қытайдан жүк тасып, ол тауарды жергілікті жүргізушілер Алматыға небәрі 200 мың теңгемен тасиды дейді. Сонда май шелпекті өздері жасанды конкурс арқылы құрған компанияларына қалдырып, бізге итке сүйек тастағандай қылмақ.
Облыстың қазіргі әкімі халыққа да тиімді болсын деген. Сондықтан біздің жағдайды облыс әкімі біледі, оң шешімін табуға көмектессе екен дейміз. Электронды кезекте Қазақстан көлемінде 11 мыңдай машина тұр. Одан бөлек, құрғақ портта 3 мыңдай тағы тіркемелі көлік тұр. Осының бәрін МКД Қытайға өткізгісі келмейді. Ұсынған жобалары қабылданса соғыс болады бұл жерде.
Біз бұл жобаның дұрыс еместігін айтып жатырмыз. Шекара маңындағы жергілікті халық пен тасымалдаушылар арасында да әлеуметтік теңсіздік туындайды. Олар (МКД) қалайда өз мүддесін тықпалап әлек.
Нарықтың сұранысы, бәсекелестік бойынша жүргізушілер ҚХР қоймаларына баруға құқылы. Бұл жердегі қулық: еркін аймақтың арасындағы тауар тасымалына өздері жоғары баға қояды да, оны Қазақстан жағына төмен қылып көрсетеді. Арғы бетке халық өте алмағандықтан жасырын табыстың қызығын белгілі топ қана көреді. Мүмкін олар Қытайда өздерінің сенімді адамдары арқылы ақшаны жинап, кейін басқа жолмен иелік ететін шығар. Яғни, кассирлерін Қытай жаққа қояды деп ойлаймыз», — деді Ұйғыр ауданының тұрғыны Шахмұрат Рахметжанов.
Электронды кезек жылжымағандықтан Қытай жаққа күніне 5-10 көлік қана өтетін көрінеді. Тауар тасымалына сұраныстың тым көп, тасушылардың аз болуы бағаның көтерілуіне тікелей әсер етеді. Бастамашыл топтың сөзінше, еркін аймақтағы монополист компания бір кездері небәрі 3 км жерге жүк апару үшін 40 мың долларға дейін ақы алып келген. Шекарадан неғұрлым көлік көп өтсе, тауар құны да төмен болады деп санайды жергілікті ел. Шекара маңындағы жұрт Қорғас-Алматы арасындағы 300 км ақылы жолмен барып-қайту үшін 17 мың теңге төлейді. Дизельдың қымбаттығын қоса алғанда МКД ұсынған 200 мың теңге мүлдем тиімсіз деп санайды тұрғындар.
«Олардың мақсаты – электронды кезекті тоқтатып, халықты Қорғастан арзан бағамен жүк тиеп, кері қайтару. Солардың кесірінен қазір халықтың ортасында наразылық туып отыр. Халық Қытайға кіре алмайды. Қалаймақан жасап отырған – Мемлекеттік кірістер департаменті. Соңғы бір жарым жыл бұрынғы у-шудан соң халық 1100 долларға Қытайдан тауарды тиеп шығатын. 3 км жерге Евротразиттің көліктері тауар тасыды. Арада делдалдар көп. Өздерінің ғана белгілі жүк көліктері кіргендіктен, ол жақтан тауар тиеп шығудың құны 30-40 мың долларға дейін көтерілді. Тауар тасуға сұраныс көп, тасушылар аз болғандықтан баға көтеріле береді. Шындығында Қорғаста кезегін күтіп, Қытайға өте алмай тұрған көліктер көп», — деді жүргізушілердің бірі.
Жүк тасымалдаушылар заңды түрде жұмыс істеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 150-ден астам кәсіпкер «Халықлогистик» ұйымына біріккен. Соның нәтижесінде табыстары да тұрақталып, құқықтарын да қорғап келіпті. «Нұрлы Жол» кеден бекетінде тәртіп орнап, әрбір тасымалдаушы кезекпен жұмыс істеп келген. Алайда, соңғы өзгерістерге байланысты МКД бұл қағиданы бұзып, өздерінің жобаларын ұсынып жатыр дейді өңірдің тұрғындары.