Алматыда «Qazaq travel» компаниясының 10 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты кеш барысында туристік компанияның өкілдері көпшілік алдында есеп беріп, жаңа өнімдерімен таныстырды. Сондай-ақ, компания қызметкерлері мен серіктестерге сыйлықтар табысталып, келушілер арасында үлкен қажылыққа 3 жолдама ойнатылды.
«Соңғы жылдары қажылық қаржысын бөліп төлеу мүмкіндігін сұраушылар көбейген. Сондықтан, компания «zhinaq.kz» жобасын іске қосып, таныстырылымын жасады. Бұл қосымша арқылы қажылыққа баруға шамасы жетпейтін қазақстандықтар енді сайт арқылы жеке шотын ашып, ай сайын алдын ала қаржы жинай алады. Сонымен қатар, өзгелерге сілтеме жіберіп, қосымшаға тіркелушілердің қатарын арттыру арқылы өзіне бонус жинауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, қажылыққа шамасы жетпейтіндерге көмектесем дейтін кәсіпкерлер мен өзгелер де осы қосымшаны пайдалана алады. Соның нәтижесінде, қасиетті мекенге барушылардың қатары артпақ. Бұл әлемде бар тәжірибе», — дейді компания басшысы Асхат Тұрғанбаев.
Компания қажылыққа қаржысы жетпейтін түрлі санаттағы адамдарға тегін жолдама береді. Жылына кем дегенде 10 адамды үлкен қажылыққа жібереді. Ал мұндай жандардың тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дайындай. Бұл игілікті іс әрі қарай жалғасады. Компаниядан жылына 500 мыңға жуық адам қажылық жайында ақпарат алады. Бір жылда соның он пайызына қызмет көрсетіледі.
«Компания қазіргі заманға сай барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жолаушылар үшін тиімді жағдай жасауға бағытталған бастамаларды қолға алып отыр. Алдағы уақытта қажылыққа баратындар үшін өзге тиімді қосымшаларды іске қосу жоспарда бар.«Qazaq travel» қажылық сапарларды ұйымдастыратын Қазақстандағы туристік компаниялардың алдыңғы қатарында тұр. 2013 жылдың 1 қарашасында құрылған. Алғашында шағын ғана кеңседе қызметін бастаған. IATA (International Air Transport Association) Әуе көлігі халықаралық қауымдастығы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аккредитациясына ие», — деді компания басшысы.
Компания Сауд Арабия және Қазақстан әуе компанияларымен бірлесе жұмыс істейді. 2013 жылдан бері «Qazaq travel» компаниясымен 12 жарым мыңнан астам адам қажылыққа барып қайтқан. Ал, 2019 жылы кіші қажылыққа Алматы қаласынан, 2022 жылы Шымкент қалаларынан аптасына екі рет тікелей рейс ашу келісіміне қол жеткізді. Осының нәтижесінде еліміздің қажыларына жол жүру жеңілдеді. Бүгінде компанияның жылына қажылық маусымында шамамен 5 мыңдай адамға қызмет көрсете алатын қауқары бар. Бұдан бөлек, тікелей рейстер нәтижесінде, Сауд Арабия туристерінің Қазақстанға келуіне жағдай жасалды. Әсіресе өткен жылдан бері Қазақстан туризміне қызығушылық танытқандар көбейген. Ал биыл жаз айларында 5 мыңнан астам Сауд арабиялық елге келген. Осылайша бұл бастама екі ел арасындағы туризмнің дамуына, инвестиция тартуға айрықша серпін береді.
«Ата-бабаларымыз қазақ елінің бар екенін танытуға талпынса, біз қазақ елінің мәдениетін танытуды мақсат еттік. Бүгінде компания ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының) сенімді серіктестерінің және туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін корпоративтік қор туроператорларының тізіміне енген», — деп атап өтті діни қайраткер.