Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың туған күні

Бүгін, 15 мамыр, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың туған күні. Осыдан 102 жыл бұрын, 1922 жылы дүниеге келген Хиуаз Доспанова Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, штурман-атқыш және Халық қаһарманы атанған.

Хиуаз Доспанова Атырау облысында туған және 1940 жылы Оралдағы №1 орта мектебін үздік бітірген. Ұшқыштық өмір жолын Орал аэроклубында бастап, кейін соғысқа аттанған. Сол кездің өзінде ол теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған.

Хиуаз қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша және Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Қазақ қызы қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандаған. Соғыста әскери ұшақпен аспанда ерлігімен танылған Хиуаз, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де қайраткерлігімен дараланған.

2008 жылы 21 мамырда Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озған Хиуаз Доспанова, өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Атырау қаласында Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Атырау халықаралық әуежайына аты аңызға айналған ұшқыштың есімі берілді.