«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

БҚО әкімдігінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыстауға арналған салтанатты іс-шара өтті.  Жиында  облыс әкімі Нариман Төреғалиев  отыз жылдан астам уақытын білім саласына арнаған  дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин  атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының математика пәнінің мұғалімі Серік Қазихановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды Qazaq.today.

Облыс көлемінде білім саласында атқарылып  жатқан істерді тізбектеген  облыс  әкімі  тәжірибелі ұстазды марапатымен құттықтады.

– Бүгінде облыста 121 мың оқушы білім алуда. Өңірде барлық қаржыландыру көздерінен 23 мектептің құрылысы жүріп жатса, 18 білім ошағын жыл соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отырмыз.  Ұстаз деген ардақты атты арқалап жүрген барша  адам құрметке лайық. Сіздің осындай құрметке бөленуіңіз  – біздің  облыс үшін үлкен мәртебе. Еселі еңбегіңізді ақтайтын дарынды шәкірттеріңіз көп болсын!, – деді  өңір басшысы өз құттықтауында.

Серік Қазиханов – тынымсыз  еңбек пен ізденістің  нәтижесінде математика пәні мұғалімі ретінде кәсіби сайыстарда топ жарып жүрген ұлағатты ұстаз.  Ол республикалық «Үздік педагог» конкурсына қатысып, «2014 жылдың үздік педагогі»  атанды. 2017-2018 жылдары «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығында оқулық және оқу әдістемелік кешендерін сараптамадан өткізу бойынша комиссия құрамында сарапшы болды. Мега-талант жобасында «Математика пәнінен XVIII халықаралық олимпиада»  қорытындысы бойынша алғысхат иегері, республикалық  математика пәні мұғалімдерінің шығармашылық байқауының жеңімпазы, 2013, 2014, 2016, 2017 жылдары  аймақтық (Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысы) математика пәні мұғалімдері арасында ұйымдастырылып жүрген  «Математикалық регата» байқауларының  жүлдегері.  Серік Меңдібайұлы көп жылғы еңбегінің нәтижесінде 2021 жылы Ы. Алтынсарин төсбелгісін иеленген.  Оның білім  берген шәкірттері математика пәнінен халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада, сайыстарда үздік танылып,  жүлделі орындардың иегерлері атанып жүр.

– Мұғалім мәртебесі заңының жүзеге асуы,  ұстазға деген құрметтің жоғары болуы  –  бізге күш-жігер береді. Бүгінгі марапаттың жауапкершілігі де жоғары.  Осындай марапатқа лайық деп танығаны үшін  Мемлекет басшысына, өңір басшылығына, ұжымыма алғысым шексіз, – деді  Серік Қазиханов.

– Серік Меңдібайұлы үнемі кәсіби ізденіс пен шығармашылық шыңдалу үстінде жүреді. Әр сабағында тиімді педагогикалық әдіс-тәсілдерді орынды пайдаланып, сабақтарын заманауи уақыт талаптарымен байланыстырып, шәкірттерін сыни әрі шығармашылықпен ойлауға үйретеді. Ол оқушыларын өз көзқарасын  жан-жақты,  әрі дәлелді тұжырымдауға баулып, терең білім беріп келеді. Өз пәнін терең меңгерген, білікті де  тәжірибелі ұстазға біз әркез сәттілік тілейміз, –  дейді дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин  атындағы  №11 облыстық  мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Аякөз Хамзина.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021  жылдан бастап беріліп келеді. Бұл атақты бұған дейін біздің өңірден №35 мектеп-лицейінің  мұғалімі Зинаида Сухина иеленген.

Президент Жарлығымен тағайындалатын мәртебелі марапаттың иесіне сый-құрмет көрсетуге арналған жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

 

Qazaq.today