Қазақстаннан барған еріктілер 100 қазақ үйді Кахраманмараш қаласына тігіп жатыр

Қазақстаннан барған еріктілер 100 қазақ үйді зілзаладан Кахраманмараш қаласына тігіп жатыр. Түркия билігі ол үйлерге баспанасыз қалған адамдарды орналастырып, жақындарынан айырылған жандарға психологиялық көмек көрсетпек. Алғашқы отыз үйді 14 ерікті қазақ жігіті «Kilavuzlu mesire alani» ұлттық паркіне тіге бастады.


Этноауыл ретінде үйлер толық тігілген соң Қазақстан халқының атынан қамкөңіл түрік ағайындарға ас беріледі. 30 қазақ үй тікелей Түркия билігінің арнайы ұшағымен жеткізілді. Қазақ халқы жинап берген ақшаға әртүрлі санаттағы үйлер сатып алынды. Бүкіләлемдік этноспорт қауымдастының өтінішімен Түркия билігі шығарған арнайы ұшақ қалған үйлерді бүгін Алматыдан Стамбулға жеткізеді. Одан кейін Адана қаласы арқылы көлікпен Қаһарманмарашқа келеді. Олардың 23-і 12-16 қанатты ағаш үй болса, қалғандары темірден жасалған.

«Жалпы саны жүзге жуық киіз үй тігіледі. Барлығында қажетті кілем, өзгеде жабдықтары толық алынған, жеткілікті. Қалғаны темірден сүйекті үйлер. Темірге бекер таңдауымыз түскен жоқ. Біріншіден, арзан. Екіншіден, құралуы тез, 15 минутта 3-4 адам құрайды, байлап отырмайсың. Үшіншіден, Арменияға киіз үй жібергенде, ол жақтағы қазақы үйдің не екенін білмеген жұрт киізін, уығын өртеген. Бұл көңілге де, жүрекке де ауыр тиеді екен. Ал темірмен ондай нәрсе жасай алмайсың. Осындай себептеріне байланысты киіз үйдің темір сүйектісін таңдадық», — дейді журналист Нұрбек Бекбау.

Оның айтуынша, Түркияға киіз үймен бірге жылыту пештері де келе жатыр. Қазақ үйлер палаткадан қарағанда жылы, кең, көңілі мұңды, қайғылы адамдар өзін баспанада тұрғандай сезіне алады.

«Біз кеше келіп жеттік. Сынап көру үшін өзіміз ішінде ұйықтадық. Әрине, суықтау. Бірақ біздің жүкпен бірге арнайы жылыту құрылғылары келе жатыр. Сырымбек Тау бастаған жігіттердің «Даму» қоры бар. Солар 61 дана жылыту құрылғысын беріп жіберді. Солар арқылы үйді жылытамыз. Түріктердің өздері де жазып жатыр: «Палаткалар суық, жылынбайды» деп. Соның кесірінен адамдар ауырып қалып жатыр екен. Киіз үй тігуге елімізден 14 адам келді. Бәрі шетінен таңдап алынды. Тимур Сыпатаев сияқты бұрын әскери салада қызмет еткен адамдар, соның ішінде өзін өмір бойы киіз үй тігуге арнаған атамыз бар. Қысқаша айтқанда, сайдың тасындай іріктелген адамдар келді», — дейді ол.

Бұл бастаманы көптеген қазақстандықтар қолдады. Мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Жеткізу жағын тікелей Түркия жағы мойындарына алған. Қазақ халқы 20 млн теңгеден астам қаражат жинағады. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй алынған. Кейін тағы 2 млн 700 мың теңгеге тұрмыстық заттар алынды. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 50 киіз үй сатып алып, әуежайдың қоймасына жеткізген.

«Түркі еліне көмеке келдім. Жасым алпыстан асса да тыныш отыра алмадым Алматыда. Қол көмегімізді соңына дейін береміз. Құдай бұндай ауыр жағдайды басқа бермесін. Қираған үйлерді көріп жүрек ауырды. Жылаған ана, егілген әке, еңіреген бала. Өте қорқынышты, қиын, ауыр жағдайды көрдім. Біздің ниетіміз түркиялық ағайындарға демеу беру, бауырмалдығымызды көрсету, туысқан халық екендігімізді білдіру»,- Береген Сыпатаев.

Қазақ үйлер кейінде осында біржолата қалады. Этноауылда алдағы күндері Қаһарманмараш қаласының тұрғындарына тұрашты ас беріледі. Зілзаладан зардап шеккен әйелдер мен балалар қазірдің өзінде тігіліп жатқан қазақ үйлерді айалшақтап, қоныстанатын сәттерін күтіп жүр.

«Өте ауыр, айтып жеткізу қиын трагедия. Олар біздің үйлерде тұрып, қазақ елінің жылулығын сезінсін, шаршауларын бассын, қауіпсіз өмір сүрсін. Қазақ үй жер сілкінсе құламайды, қауіпсіз. Шаңырақ пен уық сияқты қазақ пен түрік елі бір, бірліктеміз. Татулығымыз тұрақты. Осындай идеяларымызды да айтып жатырмыз. Олар бізге көмектесу арқылы үй тігуді де үйреніп жатыр»,- деді Алматыдан келген Жарқынбек Ахметсакиұлы.

 

Qazaq.today

29