Қазақстандықтар Түркияға 90 мың доллар жинап берді

Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге қазақстандықтар 90 мың доллар жинаған. Қолда барын жөнелтіп жатқан жұртқа Түркияның Қазақстандағы елшісі алғыс айтты, деп хабарлайды Qazaq.today Halyq-uni-не сілтеме жасап. 

Қазақ халқы мен түрік халқы – бауырлас. Сондықтан да әрқашан бірге боламыз. Бұл қасіретті бірге міндетті түрде еңсереміз, – деген еді кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия елшілігіне арнайы барып, көңіл айтқан сәтінде.

Одан кейін елшілікке қала тұрғындары да барып, түбі бір түрік ағайындарға демеу лебізін білдірді.

Қазақстандағы Түркия елшілігінің мәліметінше, бауырлас халық қолдан келгенше аман қалған азаматтарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Баспанасыз қалғандарға 92 мың шатыр тігіліп, 120 мыңнан аса жатын орын әзірленген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және барлық қазақстандық мемлекеттік мекемелерге тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткеніне көп рақмет! Біздің мемлекетіміздің қолдауға мұқтаждығын естіген сәттен бастап жәрдемін аямаған бауырлас қазақ халқына шексіз ризашылығымызды білдіреміз! – деді Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екижи.

Түркиядағы ағайынға көмек қолын созамын деушілердің арасында оқиға орнына бармақ болған еріктілер де аз емес, деп хабарлады КТК телеарнасы. Бірақ Түркия елшілігі арнайы дайындалған маман болмаса, олай жасамаған дұрыс екенін ескертті.

Айта кетсек, арнайы ашылған есепшотқа жиналған 90 мың доллардан бөлек, елшілікке жылы киім, төсек-орын сияқты күнделікті тұрмысқа керек-жарақты да апарып беріп жатқандар баршылық.

 

Qazaq.today