Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жариялаған әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисшілердің орны белгілі болды, деп жазады Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 23-тен 24-ке сырғыса, Александр Шевченко 57-ден 56-ға ауысты.
Михаил Кукушкин 133-тен 135-ке төмендесе, Денис Евсеев 164-тен 160-қа жайғасты.
Румынияда Брашов челленджер турнирінің финалына, кейін Яссыда ширек финалға дейін жеткен Дмитрий Попко осыған дейін 222-орында болса, бірден 36 сатыға жоғарылап, әлемнің 186-ракеткасы атанды. Бейбіт Жұқаев ТОП-200-ге жақындап тұр (+12, №201). Тимофей Скатовтың нәтижесі де жаман емес (+7, №223).
Әлемдік рейтингіде алғашқы үштікте өзгеріс бола қойған жоқ: италиялық Янник Синнер көш басында болса, сербиялық Новак Джокович екінші, Уимблдон чемпионы атанған испаниялық Карлос Алькарас үшінші сатыда келеді.
Жұптық сында Александр Недовесов 48-ден 49-ға, Андрей Голубев 138-ден 148-ге ығысса, А.Бублик 131-орында қалды. Әлемде жұптық сында бірінші орынды испаниялық Марсель Гранольерс пен аргентиналық Орасио Себальос бөліссе, олардың өкшесін аустралиялық Мэттью Эбден басып тұр.
Осы аптадағы жарыстарда сәтті өнер көрсетсе, қазақстандық теннисшілер рейтингілік нәтижелерін жақсарта алады.
Фото: Спортшының Instagram парақшасынан