Алматы облысында балаларды қорғау күніне орай Қазақстандағы ең ірі скейт парк ашылды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы. Скейт паркінің жалпы ауданы — 9400 м2, ал алаңның өзі – 2000 м2. Саябақтың аумағы келушілердің мүдделеріне байланысты аймақтарға бөлінген: скейт алаңынан басқа вело және жаяу жүргіншілер жолы, амфитеатр, сахна-подиум бар, демалуға және серуендеуге арналған аймақтар, сондай-ақ спортпен шұғылдануға арналған алаңдар мен балалар ойын кешендері қарастырылған.
«Қонаев қаласының балалары үшін басты сыйлық бүгінгі скейт паркінің ашылуы. Бұл жай ғана скейт тебуге арналған алаң емес, бұл әр түрлі жастағы тұрғындардың мүдделерін ескере отырып жасалған толыққанды кешен: ойын алаңы, аға буын өкілдерінің серуендеуге және демалуға арналған орны, спорттық іс-шараларға арналған воркаут бар», — деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев орталық алаңда жиналған балаларды құттықтау барысында.
Өз тарапынан Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев қаланың дамуына қатысты пікір білдірді.
«Біздің қаламызда көптеген жасөспірімдер спортпен шұғылданып қана қоймай, кәсіби түрде айналысқысы келеді. Егер бұрын олар, уақытын тиімді өткізу үшін Алматыға барса, енді бәрі бізге келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз Жеңіс саябағын қайта құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, түбегейлі өзгерістер болады», -деді шаһар басшысы.
Мереке күні облыс орталығында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу, түзету және оңалту үшін күндізгі болу орталығының ашылуы болды. Тірек-қимыл аппараты және психо-неврологиялық аурулары бар балалар, дәрігерлердің нұсқауы(жеке оңалту жоспары) бойынша тасымалдауды және 4 рет тамақтануды қамтамасыз ете отырып, тегін қызмет ала алады. Мұнда дефектологтар, логопедтер, балалар психологтары, массаж терапевттері жұмыс істейді, музыкалық сабақтар мен кәсіптік терапия, физиотерапия қарастырылған. Сонымен қатар, балалар мамандардың бақылауында болады.
Қапшағай су қоймасындағы шомылу маусымы да дәстүрлі түрде бүгін ашылды.