Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда бюджет қаражатын жымқырудың кең тараған тәсілдері белгілі болды

Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда бюджет қаражатын жымқырудың кең тараған түрілері белгілі болды.

Фото: freepik.com

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам соманы жымқыру фактісі тіркелген. Министрлік ақша жымқырудың кең тараған түрі қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны асыра бағалау екенін атап өтті.

“№48 Ақтөбе орта мектебінің құжаттарында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден сәл артық болғаны жазылса, іс жүзінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңгеге дейін аударылып келген”, – делінген министрлік хабарламасында.

Мемлекет қаржысын ұрлаудың кең тараған түрлері арасында жалған қызметкерлерге ақша аудару мен қаражатты әдеттен тыс жоғары мөлшерде аударту да бар.

“Екінші кең таралған алаяқтық – жалған қызметкерлерге ақша аудару. Құжаттар бойынша жалақы бірқатар адамға жіберіледі. Ал шындығында оны басқа тұлғалар кәдеге жаратып отырған. Мысалы, Қарағандының №33 балабақша кешен-мектебінде ондаған қызметкерге қаражат аударылғанымен жымысқы әрекетке сәйкес тиісті ақшаны екі есепші карталарына аударту арқылы иемденіп келген.

Үшінші заңсыз амал – бюджет қаражатын әдеттен тыс жоғары мөлшердегі сомамен аудартуды қайталау. Нақты айтсақ, Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бас есепшісі мен информатика пәнінің мұғалімі 2023 жылы айына 3 реттен артық жалақы алып отырғаны анықталды”, – делінген хабарламада.