Еліміздегі автожолдардың сапасын жақсартудың жаңа әдісі қолданлмақ. Мамандардың пікірінше, «Superpave» әдісі асфальтбетон жабынының қызмет ету мерзімін 5-7 жылға дейін, жөндеу аралық қызмет мерзімін 16-20 жылға дейін ұзартады. Бұл автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды екі есеге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Еліміздегі автожолдардың сапасы сын көтермейді. Күзде жасалған жол көктемде қопарылып қалады. Осы салада ұзақ уақыт еңбектенген ғалымдар автожолдардың сапасын жақсартудың «Суперпейв» әдісін қолданысқа енгізбек. Жаңа әдісті қолданысқа енгізу туралы Орталық Азия Халықаралық Жол Конференциясында айтылды. Шараны ұйымдастырушылар ТМД елдерінен, Еуропа, Азия, АҚШ-тан сарапшыларды шақырыпты.
«Аталған іс-шараға Еуропалық жол федерациясы өкілдері мен ТМД атқарушы комитетінің өкілетті өкілдері де келген. Халықаралық конференцияда мамандар ҚР жолдар желісі, реформалар мен қаржыландыру, сапалы жол салу, асфальт-бетон жамылғысының, битумды қоспалар мен полимер-битум қоспасының сапасын арттыру, тас жол төсеуде озық технологияларды пайдалану мәселелерін талқылау. Басты мақсатымыз — халықаралық жол-құрылыс секторының өкілдері арасында тығыз байланыс орнату. Қатысушылар алыс және жақын шет мемлекеттердің мамандарынан құнды кеңестер тыңдап, озық ойларымен бөліседі.Салалық министрлік өкілдерін, қауымдастықтарды, жол-құрылысы құрал-жабдықтарын, қоспаларын өндіретін компания басшыларын, ғылыми зерттеу институттары ғалымдарын бір жерге топтастырып, араларында тығыз байланыс орнату екі күндік ауқымды іс-шараның басты міндеті десек те болады», -деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағынов.
Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, асфальтбетон жабындарының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі — полимерлік материалдармен (полимерасфальтобетон) битумды модификациялау болып табылады. Ол битумның уақытқа төзімділігін арттыруға, автожолдардың пайдалану мен қызмет ету мерзімін арттыруға, жолтабан түзудің прогрессиясын азайтуға және төмен температуралар кезінде жолдың бұзылуына әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Сапа орталығының негізінде Қарағанды қаласында битумды және полимерлі модификацияланған битумдық байланыстырғыштарды зерттейтін орталық зертхана құрылған.
Авторы: Әмірболат Құсайынұлы