Маусым айының соңынан тамыз айының басына дейін орташа бағалар бірден 3.6%-ға өсті, деп хабарлайды Qazaq.today сайты Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым аналитиктерінің айтуынша, жалға алу бағасының ең көп қымбаттауы Орал қаласында (+10 %), Астана, Алматы, Ақтау (+7 %), Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев (+5 %) қалаларында байқалды.
Павлодар, Өскемен, Петропавл нарықтарында шамалы төмендеу байқалады: 1-5 %.
Барлық қалаларда Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларды қарау және оларға қоңырау шалу саны 1,5-3 есеге артты.
«Өткен жылы шілде-тамыз айларында белсенділік 70 %-ға дейін өскенін атап өтеміз. Биыл да сол жағдайдың қайталануы ықтимал.
Жалға алу бағасының қымбаттауы маусымдық сұранысқа байланысты: студенттердің жыл сайынғы келуі, Қазақстанның ірі қалаларына ішкі мигранттардың ағылуы», – деп түсіндіреді сарапшылар.
Бағалар қалай өзгерді?
Егер пәтер жалға алуды жоспарлап отырсаңыз, мұны қазір жасаған дұрыс. Кейін бағалар қымбаттап, таңдау азаюы мүмкін.
Орташа жалға алу бағалары
Астана: Барлық сегменттегі пәтерлер қымбаттады. Маусым айында бір бөлмелі пәтерлердің айлық жалға алу бағасы орташа есеппен 160 мың теңге болса, қазір 180 мың теңге. Екі бөлмелі пәтерлердің де бағасы 20 мың теңгеге қымбаттады. Үш бөлмелі пәтерлерді жалға алу бағасы маусым айында 350 мың теңге болса, қазір орташа есеппен 50 мың теңгеге қымбаттады.
Алматы: Мониторинг бойынша бір бөлмелі пәтерлердің бағасы өзгеріссіз қалды, ал екі және үш бөлмелі пәтерлер сәл қымбаттады.
Жалпы, бір бөлмелі пәтерлер бойынша кейбір қалаларда 10-15 мың теңгеге жоспарлы түрде қымбаттау байқалады.
Орташа жалға алу бағаларының өсуімен қатар, Қазақстанда екінші нарықта ұсыныс бағаларының өсуі басталды.