Қазақстанда менингитке байланысты карантин енгізіле ме? Мамандар жауап берді

Қазақстанда менингит вирусының бірден екі түрі – сірлі және менингококтық вирус анықталды. Тек Алматының өзінде сірлі менингитті жұқтыру 4%-ға өскен. Қазір қауіпті вирус жұқтырған 49 науқас инфекция бөлімінде ем қабылдауда. Олардың барлығы балалар. Менингокок вирусынан бір адам көз жұмды. Мамандардың айтуынша, вирусты бір-бірімен тығыз байланысты болғандар жұқтырған. Дегенмен санитарлық дәрігерлер елде карантин енгізілмейтінін мәлімдеді, себебі ауру жұқтыру дерегі айтарлықтай көбеймеген, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Алматыда бірден 49 бала ауруханаға түскен. Барлығының ауру белгілері ұқсас: жоғары температура, жүрек айну, құсу, бас айналу. Олар сірлі менингит деген диагнозбен инфекция бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер балалардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Дегенмен әлі де бақылауда.

«2022 жылдың алғашқы 5 айында 171 сірлі менингит жұқтыру дерегі тіркелген, оның 49-ы Алматыда. Жалпы вирус жұқтырғандардың 80%-ы балалар”, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Дәрігерлер Алматыда ешқандай менингит эпидемиясының жоқ екенін алға тартты. Қалада тек эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Дәл осындай күдікпен 157 тұрғын ауруханаға жатқызылған. Шамамен 50 адамнан сірлі менингит расталды. Қазір мамандар вирустың ықтимал көзін де тапқан.

«Ауру жұқтыру су қоймаларында және жүзу бассейндерінде жиі болған. Инфекцияның инкубациялық мерзімі 2-35 күн аралығында, ал орташа есеппен 7 күн», – деп қосты Ержан Байтанаев.

Сарапшылар Қазақстанда әр төрт жыл сайын менингит жұқтыру дерегінің тіркелетінін айтады. 2018 жылы менингокок инфекциясынан 6 адам мерт болған. Бүгінде мұндай диагноз 11 азаматта расталған. Қауіпті вирус салдарынан 1 адам көз жұмды.

«Қазақстанда апта сайын менингокок инфекциясын жұқтыру дерегі бақыланады. Сәйкесінше әр жағдай жіті тексеріледі. Адамның қандай жағдайда вирус жұқтыруы мүмкін екенін анықтаймыз. Яғни эпидемиологиялық мәліметтер жиналады», – дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті вирус көбіне балаларға жұғады. Қазір стационарларда ересектер жоқ, әйткенмен вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары.

«Парктерде, ашық кеңістікте вирус тарау ықималдығы 0-ге тең. Көбіне жабық мекемелерде жұғады. Сондықтан адам көп жиналатын орыннан алшақ болған дұрыс. Бұрын менингок инфекциясы маусымдық болатын, қазір бұл байқалмайды. Бұрындары әр 30 жыл сайын вирус тарайтын, кейін 10 жылға, сосын 5 жылға қысқарды. Білесіздер, 2015, 2016 және 2018 жылдары бізде вирус жұқтыру деректері көбейді», – деп мәлімдеді С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті инфекциялық және тропиктік аурулар кафедрасының меңгерушісі Амангүл Дүйсенова.

Әзірге карантин енгізу жоспары жоқ. Елдегі жағдай бақылауда, сондықтан мамандар байбалам салуға еш себеп жоқ екенін мәлімдеді. Дәрігерлер қарапайым гигиена ережелерін сақтап, таза ауада жиі серуендеуге, қол жууға шақырады.

7