Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрі енгізілуі мүмкін

Мұндай түзетулер интеллектуалдық меншік мәселелері бойынша заң жобасында бар, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.

Tengrinews.kz редакциясының ресми сұрауына жауап ретінде Әділет министрлігі заң жобасы Қазақстанда интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мен сақтауды қамтамасыз етудің қосымша құқықтық құралдарын енгізу, оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында әзірленгенін хабарлады.

Құжатта маңызды түзетулердің бірі – авторлық құқықтарды бұзғаны үшін айыппұлдарды енгізу. Бүгінгі күні авторлық құқықтарды бұзу үшін азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Қылмыстық кодекстің 198-бабына («Авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзу») сәйкес ең аз жаза 80 АЕК-ке дейінгі (2024 жылы 295 360 теңге) айыппұл түрінде, ал ең көп жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

«Қазіргі уақытта авторлық құқықтарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылуда», — деп хабарлады Әділет министрлігі.

Сонымен қатар, заң жобасы келесі түзетулерді қамтиды:

  • авторлар мен басқа да құқық иелерінің құқықтарын нақтылау (ретрансляция бойынша);
  • көзі нашар көретін адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында авторлардың құқықтарын шектеуді толықтыру;
  • қызмет алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жедел тіркеуді енгізу;
  • тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсы наразылық білдіру мерзімін 1 айдан 2 айға дейін ұлғайту;
  • патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін олардың мамандануына сәйкес шектеу;
  • аттестаттау және апелляциялық комиссияны уәкілетті орган жанындағы патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссияға айналдыру;
  • тауар белгілерін тіркеуден бас тарту негіздерін нақтылау;
  • ресми сараптама кезеңінде өнертабысқа патент беруден бас тарту мүмкіндігін белгілеу.

Еске сала кетейік, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Қазақстанда коммерциялық мақсатта пайдаланылатын музыканың авторларына роялти төлеу мәселесін реттеуге бағытталған авторлық құқық туралы заңға түзетулер әзірленіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, авторлар көбінесе көңіл көтеру орындары аударатын қаражаттың өздеріне жетпейтінін айтып шағымданады.