Қазақстан Украинадан амбулаторлық және стационарлық емдеуге қажет дәрі-дәрмектің 25 түрін тасымалдау бойынша қиындыққа кезікті. 18 наурызда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан дәрі-дәрмектің басым бөлігін Еуропадан, шамамен он пайызын Ресей, Беларусь, Украинадан тасымалдайды.
—Қазір Украинамен қиындық туындап отыр. Жалпы Украинадан дәрі-дәрмектің 25 түрін сатып аламыз. Препараттардың 40 пайызы жеткізілген. Қалған бөлігін тасымалдау жағы қазір бұлыңғыр болып тұр, аталған мәселені заңнама аясында қарастырамыз, – деді Ғиният.
Министрліктің дәрі-дәрмек саясаты жөніндегі департамент директоры Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, мәселе украиналық компаниялар өндіретін «Эпинефрин», «Изосорбида динитрата», «Изониазид», «Галоперидол» дәрілері жөнінде болып отыр.
Ресми ақпаратқа қарағанда, былтыр жыл соңында министрлік кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мақсатында дәрі-дәрмек сатып алған. Қазіргі кезде дәрілердің 94 пайызға жуығы сатып алынған, 40 пайызы бірыңғай дистрибютор «СК-Фармация» мен медициналық ұйымдар, қоймаларға жеткізілген.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және Батыстың Мәскеуге санкциясынан соң Қазақстанда ұлттық валюта құлдырап, қоғамда санкцияның кері әсері алаңдаушылық туғызған. Қазақстандық банктер Ресей логистикасына байланысты шетел валютасын уақытында ала алмай отырғанын жеткізді. Осы апта басында билік кемінде он мыңнан астам долларды елден әкетуге тыйым салды.