Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетауда терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі аяқталып, террористік қауіптің «сары» деңгейі алынды. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб хабарлады.
Шешім ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті мен Қытай Халық Республикасы төрағасының мемлекеттік сапарының аяқталуына байланысты қабылданғаны айтылды.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13 және 15-баптары негізінде Астана қаласында 4 шілдеде 23 сағат 59 минуттан бастап терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін жою туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы халықты хабардар ету және ақпарат мониторингінің мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында 4 шілдеде 23 сағат 59 минуттан бастап террористік қауіпің қалыпты («сары») деңгейі алып тасталады, деп хабарлады орталық.
Қауіпсіздік күштері бөлімшелері қалыпты жұмыс режиміне оралып жатыр.