Қазақша анимация жасайтын Tasqyn Studio: Басты мақсатымыз қазақ тілін насихаттау

Қазақстанның анимация саласында жаңа жұлдыз ретінде жарқырап келе жатқан Tasqyn Studio 2022 жылы құрылды. Бұл аталмыш студияның негізін қалаушылармен Qazaq.today сайты тілшісі арнайы сұхбат құрды. Шығармашылық мамандықтардың түлектері мен пікірлестер ашқан бұл студия қазақ тілі мен оның бірегейлігін насихаттауды мақсат тұтады. Tasqyn – Қазақстанда сценарий жазудан бастап, музыкалық композицияларды дубляждау мен анимациялық контент жасаудың толық циклін жүзеге асыратын бірегей студия.

Tasqyn Studio миссиясы – елімізде және шетелде қазақи және қазақстандық айдентиканы дәріптеу, сондай-ақ қазақстандық бәсекелестік анимацияны дамытуға өз үлесін қосу. Сұхбат барысында студияның құрылу тарихы, мақсаттары, жобалары және келешектегі жоспарлары туралы толық ақпарат аласыздар.

Tasqyn Studio-ның құрылу тарихы мен мақсаты қандай?

Tasqyn Studio 2022 жылдың жазында құрылған, пікірлестер мен шығармашылық мамандықтардың түлектері ашқан болатын. Оларды студияға біріктірген идея – қазақ тілі мен бірегейлігін насихаттау жолындағы ұмтылыс болды. Tasqyn – Қазақстаннан шыққан, сценарий мен тұжырымдаманы әзірлеуден бастап музыкалық композицияларды дубляждайтын, анимациялық контент жасайтын толық циклді анимациялық студия.  

Миссиямыз 

Елімізде және шетелде қазақи және қазақстандық айдентиканы дәріптеу, сондай-ақ қазақстандық бәсекелестік анимацияны дамытуға өз үлесімізді қосу

⁠«Дала Шырқауы» жобасының идеясы қалай пайда болды және оның маңызы қандай?

Өз тарихының ұзақ жылдарында қазақ халқы қатал сынақтардан өтіп, саяси, әлеуметтік және экономикалық дамудың түрлі кезеңдерін еңсерді. Бұл қазақ халқының шығармашылығында, әсіресе күйлерде көрініс тапты. «Дала шырқауы» жобасы Құрманғазы күйлеріне, тарихтың алуан түрлілігіне және оның шығармашылығы жай ғана музыкалық шығармалар емес, нотада көрініс тапқан тарих, дәуір екенін көрсетуге негізделген. Жобаны жүзеге асыру үшін аниматорлар тобы мұражайларға барып, сарапшылармен кеңесіп отырды. Ал ұлы композитордың шығармаларын Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепберген орындады.

 ⁠Студияда қанша адам жұмыс істейді және олар қандай жобалармен айналысады? 4.⁠ ⁠Қазіргі таңда қандай жаңа жобалар үстінде жұмыс істеп жатырсыздар?

Студияда 100-ге жуық қызметкер бар. Студия каталогында 6 анимациялық жоба және 2 комикс бар. Қазіргі уақытта студия Күншіктер мен Бес Тәй-Тәй анимациялық серияларының екінші маусымын, сондай-ақ Adamtas пен Jastyq Shaq атты комикстерін өндірумен айналысуда. 

Анимациялық фильмдер жасау процесі қандай кезеңдерден тұрады?

Кез келген жоба идеядан басталады. Біз жарты жыл сайын питчинг жасаймыз – ол дегеніміз ұжымның әрбір мүшесі өзінің ойын айтып, түрлі жобалардың концепциясын көрсете алады. Бір жобаны барлығымыз мақұлдап, компания басшыларының көңілінен шыққан соң, сценарий жазуды бастаймыз. Одан соң сюжеттік тақта (раскадровка) салу мен қоршаған орта дизайнын бейнелеу жүзеге асырылады. Оған қоса кейіпкерлердің дизайны мен аниматик қолға алынады. (Аниматик – бұл сахнаның қозғалысы мен композициясын бейнелеу үшін жасалған статикалық кескіндер немесе эскиздер жиынтығы). Қосымша жұмыс ретінде дыбыстау мен риг және оның тестілеуін атап өте аламыз. (Риг (ағылш. rig-такелаж, айлабұйым, шана) — басқару элементтері басқарылатындарға қарағанда аз болатындай етіп жасалған басқару элементтері мен басқарылатын элементтер арасындағы тәуелділіктер жиынтығын сипаттайтын компьютерлік анимациядағы термин. ОҢАЙ ТІЛМЕН АЙТҚАНДА: Анимациядағы термин, риг дегеніміз кейіпкерлер қимылдай алу үшін жасалатын компьютерлік механика).  Келесі элемент – анимациялаудың өзі. Қосымша жұмыстарға палитра, заттарды реттеу, фон қосу, эффектілерді дайындау, композиция, саунддизайн, музыкалық сүйемелдеу жатады. Ең соңында осының барлығын бірге шығарамыз, оны склейка дейміз, желімдеу деп аударып қоямыз өз арамызда. Мультфильм жасаудың қиындығы осы – кинематографқа қарағанда жай ғана монтажда ауыстыра алмаймыз, себебі әрбір кадр, әрбір кейіпкер нақты сценарий жазылған кезден бастап сағат секілді мүлтіксіз жұмыс істеуі қажет. Сондықтан да анимация қателіктерді кешірмейді және өте қымбат сала болып есептеледі. 

⁠Қазақстандық анимацияның әлемдік деңгейде танылуы үшін қандай қадамдар жасалуда?

 

2023 жылы «Серіктес» және «Алдар» жобалары 19 фестивальге қатысты. «Серіктес” Франциядағы Animated Expressions Expo фестивалінде “Үздік қысқаметражды мультфильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, фильм Түркиядағы Izmit International Short Film Festival фестивалінде Канада, Швеция, Тайвань сияқты елдер арасында үздік 5-ке кірді.  «Алдар» екі халықаралық фестивальда,  яғни Ұлыбританияда өткен Lift-Off First-Time Filmmaker Sessions 2023 Shorts фестивалінде “New Voices” санатында және Италияда өткен Collateral 102 Film Festival-да “Collateral Short” санатында финалист атанды.

 ⁠Жас аниматорларға қандай кеңестер берер едіңіз?

Біздің жас аниматорларға беретін кеңесіміз біреу ғана: өз тәжіибемізге сүйене келе, жобаларға қатысыңыздар, тек университетте ғана емес сонымен қатар әртүрлі анимация курстарында да оқыңыздар дейтін едік. Себебі біздің студиядағы аниматорлар тек Қазақстанда емес, біліктілігін арттыру үшін бірқатар ТМД елдерінде және Батыс университеттерінде оқыған. Бұл түрлі стилистиканы көруге, жан дүниесін байытуға, ой өрісін жетілдіруге талай мүмкіндік тудырады. Одан соң жұмысқа тұрдым екен деп дамуда тоқтап қалуға болмайды, себебі заман сондай – күн сайын техникалық прогресс таңғалдырып жатады. 

⁠Келешекте студияның дамуы туралы қандай жоспарларыңыз бар?

Студияны дамыту жоспарларымызға халықаралық нарыққа шығу мен жаңа жобалар жасау кіреді. Алға қойған осы екі басты мақсатымыз бар. Ел ішінде біртіндеп таныла бастадық, тіптен өзіміздің фанаттарымыз пайда болды. Қазақстандық анимация дамуы үшін тек елде ғана емес, шетелде де танылу жақсы болар еді. Сонда біз әлемдік аренада талантты жастарды, бай мәдени мұраны және техникалық сарапшылығымызды көрсете алатын едік. Бұл біздің жеке студия ретіндегі имиджімізді ғана емес, ел даңқын, Көк туымыздың да еңсесін көтерер үлес болады деп сенеміз.

⁠Анимациялық фильмдер жасауға қандай технологиялар мен бағдарламалар қолданылады?

Жұмыста синхрондықтың болмауы – бұл анимацияда ғана емес, басқа творчестволық салаларда да жиі кездесетін мәселе. Шығармашылық адамдар арасында бұл құбылыс өндірістің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біз IT мамандарының қолданатын жобаларды басқару әдістемесін – Scrum атты әдістемені енгіздік. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл әдістеме жұмысты бірдей уақыт сегменттеріне бөліп, икемді басқаруға негізделген: әр сегмент соңында өндіруші командалар өнімнің дайын бөлігін ұсынады, содан соң дайын өнім жинақталады. 

IT шешімдерін жұмыс процесіне енгізу арқылы біз кез келген уақытта жобаларымызды тез және тиімді масштабтай аламыз: жаңа жобаларды бастау, сапаны жоғалтпай адамдарды жалдау мүмкін болады, оған қоса адами факторға тәуелді емеспіз. Scrum арқылы процестерді автоматтандыру пайдалы, өйткені біз суретшілерге жұмыс көлеміне сәйкес төлем тағайындай аламыз. Көп жұмыс жасаса – көбірек жалақы және керісінше. Біз үшін қызметкердің жүктемесін анықтау және тепе-теңдікті сақтау маңызды. Байқағанымыз, мұндай адал төлемақы аниматорларды керемет ынталандырады екен. 

Сұхбат құрған: Мейіржан Әуелханұлы, Qazaq.today