«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Набат операциясы» фильмі көрерменге жол тартты

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Набат операциясы» фильмінің  Астана және Алматы қалаларында жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Qazaq.today  агенттігі.

Аталған фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен ІІМ қолдауымен түсірілген. Фильмнің қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов. Қоюшы-операторы – Ернұр Рыспаев. Сценарий авторлары – Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, Рустам Азаматов.

Көрерменге жол тартқан кино туынды шынайы оқиғаға негізделген. 1992 жылы кезеңдестіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқынның әрекетін баяндайды. Олар Шиелі стансасы маңында қалааралық автобустың жолаушыларын кепілге алған. Оларды құтқару үшін қазақстандық мемлекеттік қауіпсіздік және құқықтық тәртіп органдарының ең үздік күштері жасақталды.

Ұзақ келіссөздерден кейін қарақшылар ұшақ талап еткен. Бірақ нақты жоспарланған операцияның нәтижесінде бар қылмыскердің көзі жойылып, кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шекпеген. Бұл – бірде-бір адам жараланбаған операцияның санаулысы. Атыс-шабыс көбірек болса да, «Набат операциясы» құқық қорғау орган қызметкерлерінің көзсіз батырлығы мен операция туралы емес. Бұл – тағдырдың жазуымен осы автобусқа тап болған қарапайым адамдардың өміріндегі 20 сағатқа созылған оқиға және адами қасиеттерінің айқын көрінісі. Басты рөлді «Жастар театрының» актері, көрерменге Міржақып образымен танылған Бақыт Қажыбаев сомдайды. Автобустың ішіндегі әрбір адамның өмірі тікелей осы кейіпкердің мойнында болды десек болады. Фильм көрсетілімінен соң, кинотанушылар өз пікірлерін білдірді.

«Набат операциясы» соңғы жылдары жарыққа шыққан жанрлық фильмдердің арасынан оқ бойы озып шыққан сәтті туынды. Кез келген жанрлық кинотуындының түп негізі – драматургия. Фильмнің сценарийі жанр қағидатын сақтаған, режиссерлік тұрғыда шебер орындалған, стильдік бірізділік бар, бейнелік қатар мен мазмұны бірін бірі толықтыра түсетін, монтажы кәсіби тұрғыда өте білікті, бас-аяғы жұмыр фильм.

Фильм өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілгендіктен, көркемдік тұрғыда шынайы шыққаны көрерменді ерекше қуантты. Туындыны көре отырып тоқсаныншы жылдар көз алдымызға келіп, сол дәуірдің тынысын тереңінен сезініп, өткен ғасырдың соңына ойша барып қайтқандай сезімде болдық. Бұл әрине фильмнің суретшісі Олжас Әлменовтің ерекше кірпияздықпен атқарған еңбегінің жемісі», — деді Дана Әмірбекова.