Қазақ-Түрік мәдени ынтымақтастығы: Алматыда Таркан Хюсаметтиннің концерті аншлагпен өтті

Түрік әншісі Таркан Алматы аспанын әнімен әлдилеп, жеке концертін берді. 30000 адам сыятын Алматы аренаның 80 пайызы толды-ау. Жұманың кешінде кептеліспен аренаға келгендердің жүзі бал-бұл жайнап жүрді. Орындарына мүлдем отырмады деуге де болады. Таркан тыңдармандарын билетпей қайтармады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Таркан – Түркияның ең танымал белді әншісі. Оны өз елінің патриоты деуге әбден болады. Өз халқының әнін, тілін насихаттап жүрген адам. Түрік елінің музыкасының дамуына үлес қосып жүрген нағыз жұлдыз.

Әнші Таркан өз репертуарына ағылшынша ән қоспай-ақ, ана тілі – түрік тілінде ән шырқап, шығыс стилімен басқаларды айтпағанда, Еуропа мен Американы да бағындыра білген өнерпаз. Өз елінде «Поп музыка ханзадасы» атанып кеткен танымал әншінің күйтабақтары бәленбай миллион данамен сатылыпты дегенді де оқып қаламыз арасында.

Тарканның өзге әншілерден өзгешелігі – ол көбіне жанды дауыста орындайды. Осы жолы аспаптардың сүйемелдеуімен өзі үзіліссіз қатарынан 20 шақты әнді орындап шықты. Концертке келген көрермен 1,5 сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалды.

Қазақстанда зал толы тыңдарманының барын білді ме әлде білмеді ме, білмедік. Әйтеуір, жас-кәрісі бар көрерменнің көптеп жиналғанына бек риза. Оны сахнада тұрып рахметті қазақшалап 4-5 рет қайталап айтқанынатын-ақ байқауға болады. Әншінің әр әніне жас бойжеткендер мен сымбатты жігіттер қосылып, билеп жатты. Әнші үшін одан асқан бақыт бар ма?.. Өнер адамының репертуарынан құрығанда бір әнін зал қосыла, жатқа айтса, оның өзі үлкен бақ! Ал Тарканға келгенде бұл көрсеткіш жоғары.

«Dudu»,»Şimarik»,»Bu gece»,»Şikidim» әндерін тыңдарман әншімен бірге шырқады. «Әннің бәрін өзіміз айттық, несіне билет сатып алып жүрміз?» демесе жарар…

Бір орында тұрмайтын, жаңашыл, үнемі ізденісте жүретін адам екені байқалады және бір қызығы – өзіміз теледидардан көріп жүрген сол баяғы Таркан. Бір формада жүру үшін қандай қадамдар жасайтыны бізге құпия болды, не болса да… Харизмасы сұмдық. Әнші сыйлаған атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сезіну керек оны. Тыңдарманның көңілінен шығу, оның сұранысына сай болу да оңай емес қазір. Себебі, қазір ән де, әнші де көп. Сол бәсекеде өз орнын ұстап тұрған бір әнші болса, ол – Таркан. Сахнаға шыққан кезінен-ақ тыңдармандар оны жатсынбады. Бауырлас, ағайын елдің әншісі екені бірден сезілді деуге болар. Қазақ халқының өзіне деген ерекше ықыласын бірден сезді ме, құрметті қонағымыз да жатқырқаған жоқ. Түрік пен қазақ халқының арасындағы достықтың нығаюына үлес қосатындар өнер адамдары екені айтпаса да түсінікті.

«Менің бар сөзімді түсінбесеңіздер де, жүрегімнің дүрсілін естисіздер деп білемін»,- деген Таркан сахнада әлі талай ән салады деп білеміз. Лайым, солай болғай.

Авторы: Эльенора Әмір

Qazaq.today