Фото: alashainasy.kz
Қасіретті Қаңтар оқиғасына тура екі жыл толды. Төгілген қан, тоналған қала, қираған ғимараттар мен өртке оранған көліктер әлі елдің есінде. Қаңтар оқиғасы ел тұрғындары ғана емес, әлемнің көптеген елдері үшін күтпеген оқыс оқиға болды. Алмағайып күндер артта қалғанмен, бірнеше күнге созылған сол бір ауыр сәттер елдігімізге де, Мемлекет басшына да өте ауыр сын болды. Билікте жүрген жоғары лауазымды басшылардың сатқындығының кесірінен мемлекет те, ел тұрғындары да өте көп зиян шекті. Жауапты сәтте біліксіздік танытқан жауапсыз генерелдардың кесірен жазықсыз қан төгілді. Сатқындыққа барған лауазымды тұлғалардың мемлекетке, Отанға жасаған опасыздығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында ашық айтты. Президенттің Қаңтар оқиғасы кезінде жасаған әрекетін туралы саясаттанушы пікір білдірді , деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», — деді Президент өзінің сұхбатында.
Мемлекет басшысы билікті күштеп тартып алғысы келетіндердің ұзақ уақыт дайындалғанын мәлімдеді. Бас прокуратураның анықтауынша, билікті күштеп басып алғысы келгендер жарты жылдай дайындалған. Лауазымды тұлғалар тіптен бандиттік топтарға, қылмыс әлемінің басшыларына да ықпал еткен. Маңғыстау облысында басталған шеруді ескі Қазақстанның билігіндегілер өздерінің мүдделеріне пайдаланған. Экстремистік сипат алған ауыр жағдайды реттеуді Президенттің өзі қолға алды. Мемлекет басшысын тақтан тайдыруды көздегендердің жоспары ақыры күл-талқан болды.
«Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.
Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.
Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады.
Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.
Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.
Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.
Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сұхбатына, онда айтылған көптеген мәселелерге қатысты сарапшылар, депутаттар, партияның басшылары, түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері пікір білдіріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтылған жайттар қазіргі биліктегі лауазымды адамдар үшін де, елдің қарапайым тұрғындарына да сабақ деп санайды сарапшылар. Саясаттанушы Самат Нұртазаның айтуынша Президенттің сол кезде қабылдаған шешімдері елге сенім ұялатты, батылдыққа баруы оның мемлекет басшысы ретінде өз міндетін жауапкершілікпен орындағанын көрсетеді.
«Конституция бойынша Президентіміз қауіпсіздіктің кепілі ғой, сондықтан ол кісінің міндеті өз халқын қорғау. Қаңтардың басында бізге қиын-қыстау заман туғанда Президентіміз кейбір елдердің басшылары сияқты қашып кетпей, өз қара басын ойламай, өзінің беделін, биографиясын деуге болады, бәйгеге салып елімізді қорғады. Батыл шешімдер қабылдады. Мүмкін, батыстың сарапшылары, кейбір мемлекеттер ҰҚШҰ құрамындағы мемлекеттерден көмек сұрауды әлі күнге дейін түсінбей отыр. Бұл жерде Қазақстан өзінің достарын көмекке шақырды деп есептеуге болады. Мен оған кәміл сенемін. Себебі, адам өзі қиналғанда достарын шақырады ғой, сол сияқты мемлекетте қиналған тұста достарын шақырды. Достары келді, көмектесті, қорғады, қайтадан елдеріне кетті. Кейбір адамдардың қорқынышы болды ғой, «олар қалып қояды, шықпайды» деген. Олай емес. Әккі дипломат ретінде, кәсіпқой саясаткер ретінде Президентіміз оларды әкеле де білді, шығара да білді. Сондықтан, бұл жерде таза логикамен сөйлеу керек деп есептеймін.
Қаңтар айында, әсіресе, Алматы қаласының халқы зардап шекті. Сондай кезде Мемлекет басшысы жағдайды өз қолына алып, сенімсіз адамдарды лауазымынан айырып, сенімді адамдардың өкілеттігін кеңейтті. Жалпы мәселені шешті деп есептеймін. Осындай қиын-қыстау заманда бір қателік кетіп, Алматы қаласы немесе жақын қалалар терроршыларға, қылмыскерлерге өтіп кеткенде не болар еді? Оны елестетудің өзі қорқынышты. Осы қаңтар қасіретінен кейін бізде бейбіт өмірдің, ашық аспанның қадірін түсіндік. Бұрын ауызбен айтып қана қойсақ, бүгінде жүрекпен түсіндік. Жанып жатқан ғимаратты, көлікті көрдік. Мерт болған бейбіт халықты көрдік. Оққа ұшқан полиция қызметкерлерін көрдік. Сондықтан да, осының бәрі үлкен сабақ болады. «Қанды сабақ» болады деуге негіз бар. Біздің және болашақ ұқпақтың міндеті осы «қанды қаңтардан» сабақ алып, оның қайталанбауына атсалысуымыз керек. Тыныштықтың керемет сый екенін түсініп жатырмыз», — деді саясаттанушы.